Екі отбасы көрші тұрады. Бірінің жұбайы үнемі ұрыс шығарып, кикілжің туғызса, екіншісінің жары махаббатын бәрінен биік қойып, сыйластыққа селкеу түсірмейді.
Қыңыр мінезді әйел көршілерінің қалай ың-шыңсыз өмір сүретінін түсіне алмайды. Сондай сұрықсыз күндердің бірінде күйеуіне тағы да артыңды жинамайсың деп ренжиді, сөйтеді де әйелі оны көршілерінің үйіне барып, берекелі өмірінің сырын ұғынып келуге мәжбүрлейді.
Күйеуі көнбесіне қоймаған соң, лажы құрып, көршісінің үйіне барады. Көрші әйел құтты қонақты күлімсірей қарсы алып, алдына ас ұсынады. Кенет үстелдің шетінде, ерінің жанында тұрған шәйнекке әйелінің қолы тиіп кетіп, жерге түсіп, шарт сынады. Көршісі бірден шу шығатын болды деп ойлайды. Бірақ ол күткен жағдай тумады.
Көршісі байсалды түрде: «Кешір, қымбаттым! Мен кінәлімін. Үстелдің шетіне шәйнекті ыңғайсыз қойған мен едәм» дейді. Оған жары іле-шала жауап беріп: «О не дегеніңіз, сіз мені кешіріңіз. Аңғармай қалған мен кінәлімін!», – дейді.
Көршісі үйіне көңілі жабырқап оралады. Зайыбы одан көршілердің тату тірлігінің мәнін сұрамаққа асық болады. Ері оған былай жауап қайырады: «Мәселе мынада, олардың отбасында барлығы кінәлі екен, ал біздің шаңырағымызда барлығының айтқаны дұрыс...»
Егер бір адаммен мәңгі бірге болуға қадам жасасаңыз, өзіңіздің эгоңызды бірінші орыннан түсіріңіз.
Жанұяның тыныштығын сақтап қалуды өз мойныңызға алған кезде ғана, шаңырағыңыз шаттыққа толып, бақытқа бөленесіз.