Кім кінәлі?

Кім кінәлі?
Фото: ok.ru

Тоқтамыс заманында бір адамның жеті баласы болған екен. Ол адам өліп, жалғыз ешкісі, жеті баласы қалыпты. Сонда жетеуі үлесін алып, тірі жүрген ешкіні меншіктесіпті. Басын біреуі алыпты. Екі көзін біреуі алыпты. Төрт аяғын төртеуі алыпты. Өзге денесін біреуі алыпты. Сонда ең кенжесіне тигені ешкінің артқы аяғының біреуі екен. Сол кенженің сыбағасына тигеннің аяғы ақсап, иесі оған бұрыш, тотияйын салып, шүберекке орап қойса, шүберек біреудің шығарып тастаған күлін басқанда, ішінде қалған оттан тұтанып, сонан біреудің егініне жайылып, от алып, егін өртеніп кетіп, егін иесі жетеумен дауласып, Тоқтамысқа келген. 

Тоқтамыс хан шүберек орағанды кінәлі қылып, егіннің төлеуін жалғыз соған бұйырыпты. Ол бейшара зарлап ботадай боздап келе жатқан соң, асық ойнап жүрген Едіге жөн сұрапты. Сонан ол бастан-аяқ әңгімесін айтқан соң, жетеуін бірдей шақырып алып:
– Хан бұның төресін білмей берген екен. Мұнын төресі ол емес, мынау: бас бастамаса, көз көрмесе, сау үш аяқ жүрмесе, өзі жүруге жарамай қалған, көтеріп жүрген ақсақ аяқ қайда барады. Мұның төлеуіне бұл кінәлі емес. Бастайтұғын бас иесі, көретұғын көз иесі, жүретұғын сау үш аяқ иесі – солар кінәлі, – дейді. Мұны олар Тоқтамыс ханға айтып, жұрт бұл сөзді қостапты.

Т. Есқали