Кеше. Бүгін. Ертең. Әр шақтың өзіндік орны бары сөзсіз. Біреуге өткен шағы ұнаса, енді біреуді болашағы алаңдатуы мүмкін. Ал енді бір адамды бүгінгі күні маңызды болуы ғажап емес. Сіз үшін қай шақ маңызды орынға ие? Үш ойшылдың өзара айтсынан өзгеше ой түйіңіз!
Бірде үш ойшыл адам баласы үшін өткен шақ, осы шақ немесе болашақтың қайсысы маңыздырақ деп өзара айтыса бастайды.
– Менің өткен өмірім менің болмысымды жасайды. Менің қазір қолымнан келетіні тек өткен шақта оқып үйренгенім ғана. Маған бұрыннан араласып жүрген жақсы адамдармен араласу ұнайды,– деді біріншісі.
– Келісесіздер ме,- деді екіншісі, – адамды адам ететін болашағы ғой. Менің дәл қазір нені білетінім, нені істей алатыным маңызды емес. Маған болашақта не керек болады, мен соны оқып үйренемін. Менің қазіргі әрбір іс-қимылым менің болашақта неге ұмтылып, кім болуыма байланысты. Маған болашақта пайдалы адамдармен араласу ұнайды.
– Сендер бір нәрсені естен шығарып алдыңдар,– деп әңгімеге араласты үшіншісі, – өткен шақ пен болашақ, тек біздің ойымызда ғана. Өткен нәрсе өтті, кетті, қазір жоқ. Болашақ әлі келген жоқ. Өткенді еске алып жатырсың ба, әлде болашақты армандап отырсың ба, қалай болғанда да сен осы шақта әрекет етіп отырсың ғой,– деп жауап берген екен.
Мұнан кейін де бұл үшеуі ұзақ уақыт асықпай сұхбат жасап ләззаттанды. Ал сізге қай шағыңыз маңызды?