- Негізгі бет
- Тәмсіл
- "Қар қызы" шығармасынан...
"Қар қызы" шығармасынан үздік үзінділер
Оралхан Бөкейдің алыстан сыңсыта ән салатын "Қар қызын" барлығыңыз естіген боларсыздар. Танымайтын болсаңыз, міндетті түрде танысуыңыз керек. Біз ұсынған үзінділерді оқығаннан кейін бұл шығармаға бас бұрмау мүмкін емес деп ойлаймыз.
Жоқ болған соң да махаббатқа тым ынтызармыз. Егер зәуде бар болса, баяғыда жек көріп кетер едік. Нағыз махаббат жер астында да жоқ.
* * *
Қанаттарыңмен ұшсаңдар да, құйрықтарыңды ұмытпаңдар.
* * *
Қоңқайлар да адам. Олар керек. Олар жастарды адастыру үшін жаралған. Ал адамдар ең әуелі адасып алмаса, бірін-бірі әсте де іздеп таба алмас еді...
* * *
Сіз ал қара аспанды нұрландырған жұлдыз сияқтысыз, бірақ тым алыстасыз, сондықтан да сұлусыз, қадірлісіз; дегенмен, адамның қуаты жетпейтіннің бәрі-бәрі керемет емес қой; неғұрлым адамзаттан алшақтасаңыз, соғұрлым көзден тасаланып, тіпті ұмытыласыз, сонсоң асылдың өзіне күмән келтіре бастамақпыз; қаншама тағыланып, ел-жұрттан жерінсеңіз де, түбінде айналып табар қазығымыз бар ғой. Білемін, қыздар, әсіресе, қазақ қыздарына салиқалы, салмақты, әм кербез де керім болу керек, бұрынғы өткен апаларымыздың осы бір қасиетін жойып алмай, жаңғырту керек те шығар...
* * *
...сұлулық дегеннің өзі көңіл күйге, сезініп-түйсінуге байланысты шарттылық қой, жо-жоқ, мүлдем басқа... Жұмбақ жаратылған жан екен... Мен мынадай ойға келдім... өз сұлулығымен жұртты тәнті қылған, бұлдай білген және өзіне тең таба алмай, осында жүргеннің бәрінен жиіркенген, тым-тым биіктегі — қол жетпес құздардағы еңліккүл; жігіт-желең әрі-бері жанталасып иектейді де, шамасы мен өрісі жетпейтінін білген соң, бос әурешілікті қояды; ал ол одан сайын асқақтап биіктей береді, осынау жайнаған келбет, жарасымды кербездіктің кермиығына ер салар, құзарына қол салар ер жүрек „альпинист" жоқ бұл қалада! Олай болса, көп үміткерлердің бірі ретінде неге тәуекел деп тас жұтпаймын; қыз деген халық бейтаныс жігітке үйірсек болмаушы ма еді...
* * *
Жер бетінде мүгедектер болмаса көз еті өскен жұрт ұяттан баяғыда жұрдай болар-ау деп ойлады. Жер бетіндегі адамдар тек бір-бірі үшін ғана туарын ойлады. Жер бетіндегі адамдардың өлісі тірісінен, тірісі өлісінен айырмашылығы жоқ па екен деп ойлады. Жер бетіндегі қыбырлап өмір сүріп жүрген адамдардың тек қызық үшін ғана емес, қайғыны да қарсы ала білер қарапайымдылығын ойлады. Сол іспетті жер бетіндегі адамдардың қайратына қайран қалды.
* * *
Қазір еркек босанып, есек есеп шығарыпты десе де таңдануға болмас.
* * *
Марал корень, золотой корень, жень-шень, бұғының еті мен мүйізінің қаны, аюдың еті — таза ауа, бастығы жоқ өмір — міне осылар менің гимнастикаларым.
* * *
Өзі білмесе де елге ақыл айту – қазақтың қасиетті өнері.
Ал сізге қай үзінділері ұнады?
@. @assel_assanova