Тоқал алу және отбасындағы барлық балаға бірдей көңіл бөлу туралы мынадай мысал бар. Әдетте отбасына екінші, үшінші балалар келсе, бірінші балалар бұрынғыдай емес, назардан тыс қалып жатады. Оларға сен енді үлкен болдың деп қана түсіндіруге тырысамыз. Ал кішкене балалар ата-анасының өздерінен кішілерге көбірек көңіл бөлуге, қараусыз қалдырмауға мәжбүр екенін жете түсіне алмайды. Мысалы, бір әйелі бар адам екінші әйел алатын жағдай болса, бәйбішесіне Сенің тәжірибең мол, бұл жаңа түскен жас келін, бізге сіңісіп кеткенше оған көбірек көңіл бөлуім керек десе, әйелі қалай түсінер еді? Сол секілді баланың орнына өзіңізді қойып көрсеңіз де, әділетсіз көрінер еді. Ал барлық балаңызды бірдей жақсы көре тұра, үлкендері сізді түсінбей жатса, мынадай тәмсілмен жеткізіп көріңіз. Бір кішкене қыз өзінің інісі өмірге келгенде ата-анасының өзін бұрынғыдай жақсы көретініне күмәнданып, қатты уайымдайды. Бір күні анасы оны жанына шақырып алады. Үстел үстіне бірнеше майшамды қояды. Оның ішінен орташа пішіндегі түрін таңдап алады да, тұтатып жағады. Қызына қарап Бұл мен, ал жанып тұрған от менің махаббатым. Бұл шамдарды біздің отбасымыз деп алайық. Бір күні мен сенің әкеңді кездестірдім, дейді де, үлкен майшамды алып, қолындағы орташа шамның отымен тұтатып жағады, Сөйтіп оған өз махаббатымды бердім. Содан соң өмірге сен келдің, деп кішкене майшамды таңдап алады да, тағы да орташа майшаммен оған от береді. Саған да махаббатымды бердім. Сенен кейін інің келгенде махаббатымнан оған да бердім, деп ең кіші шамды жағады. Бірақ менің отым таусылған жоқ, әкеңдегі махаббат та өшкен жоқ, саған берген отым да өшпеді, ініңде де махаббат бар, деп жанып тұрған ең кішкене майшамды көрсетті. Қарашы, біздің отбасымызда қаншама от лаулап жанды. Махаббат та осы майшамдағы от сияқты. Оны қанша адамға бөліп берсең де сарқылмайды...