Қазақ халқы мақал-мәтелге кенде емес. Сапырылған сылдыр сөзді де, бір кітаптық тұтас ойды да бір ауыз сөзбен жеткізе біледі. Ал өзге халықтардың біздің мақалдарымызға ұқсас және біз білмейтін қандай тобықтай түйіні бар екен? Назарларыңызға өмір туралы мақал-мәтелдер жиынын ұсынамыз.
Жылан шаққан жіптен қорқар (түрікмен).
Алтын есікті кісінің ағаш есіктіге ісі түсер (түрікмен).
Бір ағаштан жасалады мың шырпы,
Мың ағашты өртей салар бір шырпы (татар).
Ар жақта той бар деп, Бер жақта билеген (татар).
Той десе, құмырсқаға да қанат бітеді (татар).
Былтыр сыздағанға биыл жылай ма?! (татар)
Қонағына қарай құймағы (татар).
Өмір бәрін үйретер, Үйренбесең күйретер (татар).
Қуаныш келсе, таспа, Қасірет төнсе, саспа (башқұрт).
Суға батып бара жатқанға
Аяғыңнан ұстатпа, таяғыңнан ұстат (тәжік).
Тамақ – тәннің нәрі,
Ұйқы – жанның нәрі (тәжік).
Сараң сатқан жұмыртқаның сарысы болмас (әзірбайжан).
Балгер балгерге бал аштырмас (әзірбайжан).
Шеге тағаны сақтайды, таға тұлпарды сақтайды (әзірбайжан).
Таудай қараны тобықтай ақ жеңер (тува).
Маңырасаң, қасқыр жеп қояды,
Маңырамасаң қойшының өзі сояды (шешен).
Жақсы орын бос тұрмас (мордва).
Бағың барда қонаққа шақырар,
Бағың тайса, жыланша атылар (мордва).
Қадала қарасаң, сүттен де қара табылар (абхаз).
Күйіне қарай биі (лезгин).
Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады (даргин).
Алтын тасыған атанның да жейтіні – алабота (араб).
Елді түгел киіндіретін иненің өз иіні жалаңаш (араб).
Дәрі ішуге тырыспа, Таза ауамен тыныста (араб).
Өзіңе ұнағанды іш, өзгеге ұнағанды ки (араб).
Орақ үстінде керіспес үшін, Жер жыртарда келісіп алу керек (араб).
Пышақ өз сабын өзі кесе алмайды (парсы).
Ойшыл білмегенді қойшы білер (моңғол).
Піскен жеміс бұтағында тұрмайды (тамил).
Бақыттыға жұрттың бәрі бақытты боп көрінер (һинди).
Қасірет шеккің келмесе, күншіл болма ендеше (шығыс).
Көк алманы үзбе, өзі үзілер күзде (орыс).
Жаяу жүрем дегенше, ұзақ өмір сүрем де (орыс).
Кешкі асыңды қысқарту – кешер күніңді ұзарту (неміс).
Күніге бір алма жесең, құшнаш іздемессің (ағылшын).
Заңы әлсіз елден зар кетпес (финн).
Жеңілістің де жеңіс болатын кезі бар (жапон).
«Әлем халықтарының мақал-мәтелдері» кітабынан
Ұқсас жазбалар:
Жалқаудың арбасы да зар жылайды
Ақыл-парасат туралы әлем елдері не дейді?