Ежелде Жапонияның белгісіз бір қалашығында қарт самурай өмір сүріпті.
Бір күні өз оқушыларына сабақ беріп отырған сәтінде жас жауынгер келіп, ақсақалды жекпе-жекке шақырыпты. Ол жауынгер ылғи өзгелерді әжуалап, олардың қитығына тиіп, қателік жасап жеңілуіне барын салатын болған. Өзінің дөрекілігін жеңіске апаратын жол деп есептейтін жауынгер ақсақалға тіл тигізе бастайды.
Ақсақал сабырлы кейпін сақтап, оқуды жалғастыра береді. Ал қолынан түк келмеген жауынгер ақырында шаршап, кетіп қалады.
Ақсақалдың бұл қылығына таңғалған шәкірттері одан істің мәнісін сұрай бастайды:
– Неліктен жас сарбазбен жекпе-жекке шықпадыңыз? Шынымен жеңілістен қорықтыңыз ба?
– Егер сыйға тартқан сыйлықты қабылдамай кері қайтарсаңдар, оның иесі кім болады? – деп қарсы сұрақ қойыпты ақсақал.
– Әрине, өзінің бұрынғы иесіне, – деп жауап қатыпты шәкірттерінің бірі.
– Жек көру, қызғаныш, ұрыс та сол секілді. Сен оны өзіңе қабылдамайынша, ол өзінің бұрынғы иесіне тиесілі, – деп істің мәнісін түсіндіріпті ақсақал.