- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Жас Қазыбек пен...
Жас Қазыбек пен Төле бидің кездесуі
Қаз дауысты Қазыбек бидің бала кезі екен, нағашысы Төле би ауырып қалды деп естіп, көңілін сұрай барыпты. Кетерінде:
– Жиенім, саған көп рақмет, нағашыңнан не қалайсың? Ат мінесің бе? Айта ғой, – депті Төле би. Сонда 10 жастағы Қазыбек:
– Жоқ, ата, ат өліп қалады, алмаймын! – депті.
– Онда не аласың? Тон аласың ба? – депті Төле би.
– Жоқ, ата, тон тозып қалады, маған мәңгі тозбайтын нәрсеңізді беріңіз, – депті Қазыбек.
Төле би: "Сен түбінде аз болғанда әкім болғалы тұрған бала екенсің", – деп ойлап:
– Онда сен «Әкім» деген сөзді есіңе мықтап сақта, ал бара ғой, – депті.
Қазыбек би былай шыға беріп: «Әкім деген сөзде не мағына бар екен, – деп ойланып, – Жоқ, қайта барып мұның мағынасын нағашы атамның өз аузынан ұғып алуым керек!», – деп шешіпті. Атасына қайта келіп:
– Нағашы ата, мен үшін «Әкім» деген сөздің қанша қажеті бар, соны білейін деп келдім, – депті бала Қазыбек.
Сонда Төле би:
– Жарайсың жиенім, сен алда аман болсаң, ел билігін ұстанғалы тұр екенсің, «Әкім» деген сөзде төрт дыбыс бар, оның бірінші дыбысы «Ә», ол әділ бол деген сөзім, екінші дыбысы «к», ол кішіпейіл бол деген сөзім, үшінші дыбысы «і», ол ізгі жан бол деген сөзім, төртінші дыбысы «м», ол мейрімді бол деген сөзім еді, егер мен айтқан арманға жетсең, осы төрт ауыз сөзді бойыңа бойтұмар етіп тағып ал, – деген екен. Қазыбек кейін би болған кезде төменгі билікті берген адамдарға әкім болыңдар деп тапсырып, оларды «Әкім» деп атаған екен дейді.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: qazaq23.wordpress.com
M. Auelkhan