- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Жапон халқынан жеткен...
Жапон халқынан жеткен тәмсіл
Қазақ елінің даналығын, тапқырлығын танытатын «деген екен» деп келетін ел аузынан жиналған ежелгі әңгімелер том-том боп хатқа түскені белгілі. Жапон халқының да фольклорлық шығармаларының арасында «деген екен»-мен түйінделетін хикаялар бар. Соның бір бөлігін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім.
Ит мұрын
Чюугоку аймағында бір балаға зар ерлі-зайыпты болыпты. Әйтеуір Құдай тілегін қабыл ғып, айы-күні жетіп, әйел ұл тауыпты. Есі шығып қуанған ата–ана баласының бетіне жел тигізбей, мәпелеп күтіп бағады. Бір айыбы әлгі бала мұрынсыз екен. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ұлы ер жеткенде әке-шешесі қыз айттырудың қамына кіріседі. Қанша іздеп сабылса да лайық қыз табылмапты. Бойжеткеннің бәрі бұның мұрнына бола менсінбейді екен. Байқұс ата-ананың салы суға кетіп отырғанда ауылдас туысы келіп былай депті: — Осыдан балаңа әйел әпермесем, туыс болмай кетейін. Ертең көрші ауылдың қызын айттыруға барамыз. Әлгі адам жігітке қолдан мұрын жасап, жапсырады да, қызды айттыруға барады. Епті туыс бойжеткеннің әке-шешесінен рұқсатын алға соң той күнін белгілеп, құдалыққа келісіп қайтқан екен. Сонымен, құда-жекжат, туыс-туған жиналып, думанды той басталып кетеді. Ел саба-саба сакэ ішіп, қызынып отырғанда қыздың жағынан бір кісі күйеу жігітке «сакэ іш» деп мазасын алыпты. Іштей «мінімді біліп қоймаса екен» деп, қипақтап отырған күйеу «ішпеймін» десе де қоймайды. Әлгі адам «Күйеу бала, алып қой, алып қой» деп сакэні жігіттің аузына апара бергенде тостаған жасанды мұрынға тиіп кетіп, танау түсіп қалған екен дейді. Күйеудің мұрынсыз қалғанын көргенде дауылдасып отырған жұрт тым-тырыс боп, тына қалыпты. Сонда күйеу жігіт былай деген екен: Таудың көркі — арша, шырша, жиде жеміс, итмұрын Дәурен әнін, ердің сәнін кетірді-ау ит мұрын Қалыңдық та өлеңдете жөнеліпті: Шаш жетпейді санасаңыз қалың Синто храмына* Маңайы ну, көлі — аққу, жұпар ғой оның құрағы да Сөйтсе қалыңдық таз екен дейді.
Бота мен бақа
Баяғы заманда қытымыр енесі мен ақылды келіні болыпты. Бір күні кешке таман екеуі ботамочи** пісіріпті. Кешкі тамақтан қалған ботамочидің бір бөлігін келіні кебежеге салуға оқталғанда, кемпір қызғанып кетіп, «әкел, өзім саламын» дейді. Сөйтіп, күлшелерді шүберекке орап жатып: «Осыдан келінім түнде тұрып сені жейтін болса, аузына ала бергенде бақаға айнал» деп бірнеше мәрте қайталапты. Бұл сөзді келіні естіп тұрады. Келін таң алакеуімде бәрінен бұрын тұрып, кебежедегі ботамочиді түгел жепті де, орнына даладан бақа әкеліп салып қойыпты. Ұйқысы қанып оянған кемпір келінінен бастап отбасы мүшелерін түгел егістікке «шаруаларыңды істеңдер» деп қуып жібереді де, ботамочиді өзі жалғыз жемек боп, кебежені ашқанда құрылдап бақа шыға келеді. Ала бақаны көргенде зәресі ұшқан кемпір: Ботасың ба, бақасың ба? Келінім жақта көлшік бар, Баратын болсаң соған бар, — деген екен.
Бит пен сірке
Бит пен сірке атам заманнан бір-бірімен бәсекелес екен. Күлден шыққан сірке битпен жауығыпты. Бит те оның көзін жоюдың қамына кіріседі. Сөйтеді де дәу тасты көтеріп алып, сіркеге лақтырып жібереді. Тас сіркенің арқасына тиген екен, содан бастап сіркенің жотасында қара дақ қалыпты. Ал тасты ышқына көтерген бит әлі күнге қып қызыл екен дейді. Екеуі өзеннің жағасында бірін бірі тастың астына бастырып тастамақ болып, арбасып тұрғанда бит суға батып кетіпті дейді. Содан бері бит судан қорқады екен.
*Жапонияда мыңнан тастам Синтоистік храм бар. **Ботамочи — бетіне бұршақтың тәтті пастасы жағылған, күріштен әзірленетін күлшенің түрі.
Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева
М. Ақан