- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Жанымның падишасы ...
Жанымның падишасы
Мен жабырқасам да, жүрек сен деген. Сезім өрт. Басқа қонбаған ақ құсым тұғырың ту сыртымда болғаны жанға батады-ау... Тағдыр ісі... Қоштастырған өзіңмен өмір өзені... Ағысымыз кереғар, арнасы да екі бөлек...
Сезім деген шынымен сиқырлы әлем бе? Сағынудың өзі бір ғанибет. Кеудемді қуаныш кернейді. Келдің де жүректі дір еткіздің. Сезім серт. Даланың заңы. Әлде өмірдің бе? Жазылмаған заң. Одан артығы ұсақ болар еді. «Сен жылқышы, мен шабан». Жүрегіміз бір соққан сол бір сәтті зарыға аңсап өтем.
Жанымның падишасы! Есімді алдың, жүректі мекендедің! Мейірімді көзіңнің шуағына шомылып, еркеледім. Жарқын күлкіме еліттіріп, есіңнен тандырдым. Не арман бар менде? Алақаныңдағы саусақтарым, жанарыңдағы көздерім... Нұр дидарың бұлтсыз аспандай. Бақытты сәт. Бақытты махаббат. Бақытты біз. Жайдарлы жүзің жүрекке тұмар болып тағылды. Ғұмырыма жетерлік. Жұлдызың болғым келген. Жүрек сүйіп, теңін тапқан еді. Жүрек құлпымның кілтін миллионнан бір дәл тапқан махаббатым. Құшақтағым келеді. Қуланып, еркелеп, еркелеткім келеді. Әлі де. Арман-ай, десеңші... Әлемде сен барсың. Одан артық не керек?
Алдымда сан белес. Шын сүйген адам ғана шын бақыттың дәмін білер. «Сүймесең істің бәрі бос». Пенделіктің бәрін көз алдыма тізіп берген саған деген іңкәрліктің екпіні еді. Өзімнің өзгеге еш ұқсамайтынымды да жүрекке таңбалап кетті. Жүректі жомарт, ниетті ақ еткен пәк сезім. Сенің сезімің ақ болмаса менің болмысым ағарар ма еді? Махаббат табиғаты таза болмаса, өмірде не мән қалар еді? Ол биіктікке жетелемесе, қасиеті мұншалық терең болмас та еді. Жазылса да жұбымыз, таусылса да жырымыз, жүректегі махаббат еккен ізгілік солмайды.
Күтпеймін. Жүрек те іздемейді. Маған жоқсың енді. Тулаған сезім толқыны арындап барып басылды. Жүректе сақта. Өкпелемеймін өмірге. Өкінбен. Сезімім қатпар жүректің тұңғиығына тұнды. Болмаса сезінер ме едім? Сезінген жүрек кінә арта ала ма? Тыныштығың ұрланбасын. Тұнығың лайланбасын. Артыңа қарама, қарайлама... Ақ бұлттар сенің сезіміңнің арқама таққан ақ қанаты... Көкке самғатады... Қимастық бар. Сағынышым мәңгілік. Жалғанбай қалған от көпір. Тәтті естелік қана. Жүрек естелігі. Жанымды мекен еткен падишам.
Шынар Әбілда
Ж. Жұмағұлов