Бір жолы кәсіби гольфшы ірі жарыстан кейін үлкен ұтысты арқалап, үйіне қайтып бара жатады. Автотұрақта ол бір әйелді кезіктіреді. Әйел оған баласының ауруханда қатты ауырып жатқанын және ота жасату үшін тез арада ірі сомада қаражат қажет екенін айтады. Ол баласының еміне гольфшыдан ұтысының жартысын беруін сұрайды. Спортшыны әйелдің оқиғасы тебіренткені сонша, ол баланың өмірін сақтауға сеп болатын отаға ұтыста алған ақшасының түгелін бере салады.
Бір немесе екі күннен кейін гольфшы клубына келіп, осы оқиға жайлы әріптестеріне әңгімелейді.
Олардың кейбірі: «Алданып қалған екенсің! Бұл әйел бірнеше рет солай жасаған. Оның құрығына түскенің қандай өкінішті. Ірі соманы ұтып алғаныңды біліп, алдап кеткен ғой!», – дейді.
Гольфшы: «Сонда ешқандай да ауру бала жоқ па?» – деп сұрайды. «Әрине, жоқ», – дейді әріптестері.
Сонда гольфшы: «Бұл осы аптадағы ең керемет жаңалық болды!», – деген екен.
Сурет: activebet.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина