Қазақ халқы мақал-мәтелге кенде емес. Сапырылған сылдыр сөзді де, бір кітаптық тұтас ойды да бір ауыз сөзбен жеткізе біледі. Ал өзге халықтардың біздің мақалдарымызға ұқсас және біз білмейтін қандай тобықтай түйіні бар екен? Назарларыңызға отбасы, тәрбие туралы мақал-мәтелдер жиынын ұсынамыз.
Анау желбас, мынау сараң –
Күйеуге мен кімге барам?.. (шумер)
Үзілген шыбықтан ұрпақ та күтпе,
Дән де дәметпе. (шумер)
Орақ ұстап әкең қалғанша,
Оймақ ұстап шешең қалсын. (ұйғыр)
Балалы үй – гүлстан, Баласыз үй – көрстан. (ұйғыр)
Бір әке он баланы бағып шығар,
Он бала бір әкені ауырсынар. (ұйғыр)
Шешесіне қарап, қызын құш,
Шелегіне қарап суын іш. (татар)
Жаман қыздың жеңгетайы – шешесі. (татар)
Ананың куәлігі – бала. (татар)
Келіншексіз үй көктемсіз жыл сияқты. (татар)
Әйел тілесе қазанаттан азамат,
Азаматтан қазанат жасар. (татар)
Жаман қатынның пышағынан тілі өткір. (татар)
Ері мен қатын от пен түтін,
Арасына түссең, қалмассың бүтін. (татар)
Ананың көңілі қызында,
Қызының көңілі қызылда. (татар)
Ерін баға білген – елін де бағар. (татар)
Ана сүтімен кірмеген ақыл
Тана сүтімен кірмейді. (башқұрт)
Қайратты қатын қар үстінде қазан қайнатар. (башқұрт)
Бала болмай, пана болмас. (шешен)
Анасы мақтағанмен қыздың бағасы артпайды. (шешен)
Асыл текті балапан ұясында ән салар. (шешен)
Бірге туғаны бардың берік қорғаны бар. (мордва)
Ауылдағы жаңалықты ағадан сұра,
Үйдегі жаңалықты баладан сұра. (лезгин)
Баланың міні – ата-ананың міні. (араб)
Ауылыңның атын ұмытсаң да, салтын ұмытпа. (ауған)
Шынайы еркектің шылбыры мен тізгіні өз қолында. (курд)
Жалғыз ұл әкесіне әмірші. (бенгал)
Өз үйіңде отыңды бақ, кісі үйінде аузыңды бақ. (моңғол)
Бойжеткеннің ұяты босағадан аттағанша. (болгар)
Дәстүрі жараспағанның дәм тұзы жараспайды. (орыс)
Әйеліңе балаң жоқ жерде ақыл айт,
Балаңа адам жоқ жерде ақыл айт. (орыс)
Баласының көйлегіне қарашы:
Қандай екен анасы? (молдаван)
Анасының тізесіне сүйенген сәби тезірек өседі. (эстон)
Ана баулыған бала – епті,
Әке баулыған бала – есті. (вьетнам)
Аты шулы қыздан, аты шықпаған қыз артық. (неміс)
Жылдар өтсе, келін де өсіп толады,
Ол да бір күн қайын ене болады. (корей)
Қайырымдылықты қара шаңырағыңнан баста. (ағылшын)
Әкенің алапат міні – сараңдық,
Баланың алапат міні – жалқаулық. (француз)
Көргенді көгершін әке-шешесінен үш бұтақ төмен қонақтайды. (жапон)
«Әлем халықтарының мақал-мәтелдері» кітабынан
Ұқсас жазбалар:
Франсуа де Ларошфуконың нақыл сөздері
Пушкиннің қанатты сөздері