Орыстың белгілі жазушысы Николай Васильевич Гоголь есімі қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Танымал қазақ қаламгері Ғаббас Қабышұлы Гогольдың айшықты ойларын қазақша сөйлетіп көрген екен. Бірге оқиық!
***
Шығармашылықтан шырайлы да шырынды кәсіп жоқ шығар.
***
Сөзге адал болған жөн.
***
Әдебиет әлемінде өлім жоқ, марқұм болғандар тірлік етіп жүрген біздің әрекеттерімізге араласып, жанымызда болады.
***
Ақымақтың сөзі не, өзі не десек те, кейбір сөзі ақылды адамды адастырады.
***
Жақсы әкенің тәрбиесіне ешбір мектептің тәрбиесі тең бола алмайды.
***
Пәленшекеңнің орнында болса жұртты жарылқап тастайтындай болып жүретіндер өз орнында да қызмет істеп ешкімді жарытпайды. Бүкіл кеселдің себебі сонда.
***
Ашу–ыза оң істің де өңін айналдырып жібереді.
***
Кімге болсын ашулануға мәжбүр болсаң, сол халің үшін сол сәтте өзіңе де ашулануды ұмытпа.
***
Күн жарқырап тұрса, – кейіпкеріңді ізде, ал күңгірттеніп тұрса, – жазуға кіріс.
***
Егер орыста қуатты болуына қауіпті бітіспес жау бар болса, ол – жалқаулығы.
***
Ешқандай себебі болмаған күнде әйтеуір біреуді аяғынан шалмаса жүре алмайтындар бар.
***
Менің еңбегім,ойым, аты–жөнім Ресейдің меншігі болады.
***
Дәнеңеден қорықпайтындар күлкі болудан қорқады.
***
Өзің үшін өзің жауапты болғаннан артық жоқ.
***
Алдын ала мақтану алжасқанмен бірдей.
***
Отан – жан–жүрегің іздейтін ең жайлы мекенің.
***
Басқалармен бәсекелесейін деп жазбайсың, жан сырыңды ақтарғың келген соң жазасың.
***
Құдай біздің әрқайсымызға өзі берген орында болуды тапсырды. Алайда айналаңа қарай жүруің керек.
***
Көз алдыңдағы үлгіден күшті әсер жоқ.
***
Бүгінгі өмірге жіті үңіліп қарасаң, келешек көріне бастайды.
***
Өзгелердің өзіңді жақсы көретінінен бұрын өзіңнің өзгелерді жақсы көруіңді ойла.
***
Көзге көрінбейтін күлкі көзден жас ағыза алады.
***
Ей, орыс халқы! Өз ажалыңнан өлгің келмейтіні–ай!
***
Мен оны жанымның жанарымен көрдім!
***
Халық әнінің маңызын айтуды ұнатпаймын. Ол – халықтың ғажап әсерлі, жарқын, әсем, шынайы тарихы, өмірінің өзі!
***
Мен шат–шадыман, жайсаң өмір сырын аштым, ал бақытқа құмар жұрт соны көре сала қаша бастады.