Гоголь айтқан мәнді ойлар

Гоголь айтқан мәнді ойлар
Фото: kyiv.changeua.com

Орыстың белгілі жазушысы Николай Васильевич Гоголь есімі қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Танымал қазақ қаламгері Ғаббас Қабышұлы Гогольдың айшықты ойларын қазақша сөйлетіп көрген екен. Бірге оқиық!

***

Шығармашылықтан шырайлы да шырынды кәсіп жоқ шығар.   

***   

Сөзге адал болған жөн.

***   

Әдебиет әлемінде өлім жоқ, марқұм болғандар  тірлік етіп жүрген біздің әрекеттерімізге араласып, жанымызда болады.

***   

Ақымақтың сөзі не, өзі не десек те, кейбір сөзі ақылды адамды адастырады.

***   

Жақсы әкенің тәрбиесіне ешбір мектептің тәрбиесі тең бола алмайды.

***   

Пәленшекеңнің орнында болса жұртты жарылқап тастайтындай болып жүретіндер өз орнында да қызмет істеп ешкімді жарытпайды. Бүкіл кеселдің себебі сонда.  

***   

Ашу–ыза оң істің де өңін айналдырып жібереді.

***   

Кімге болсын ашулануға мәжбүр болсаң, сол халің үшін сол сәтте өзіңе де ашулануды ұмытпа.      

***   

Күн жарқырап тұрса, – кейіпкеріңді ізде, ал күңгірттеніп тұрса, – жазуға кіріс. 

***   

Егер орыста қуатты болуына қауіпті бітіспес жау бар болса, ол – жалқаулығы.

***     

Ешқандай себебі болмаған күнде әйтеуір біреуді аяғынан шалмаса жүре алмайтындар бар. 

***   

Менің еңбегім,ойым, аты–жөнім Ресейдің меншігі болады. 

***   

Дәнеңеден қорықпайтындар күлкі болудан қорқады.

***   

Өзің үшін өзің жауапты болғаннан артық жоқ.

***   

Алдын ала мақтану алжасқанмен бірдей.

***   

Отан – жан–жүрегің іздейтін ең жайлы мекенің. 

***    

Басқалармен бәсекелесейін деп жазбайсың, жан сырыңды ақтарғың келген соң жазасың.

***   

Құдай біздің әрқайсымызға өзі берген орында болуды тапсырды. Алайда айналаңа қарай жүруің керек. 

***      

Көз алдыңдағы үлгіден күшті әсер жоқ.

***   

Бүгінгі өмірге жіті үңіліп қарасаң, келешек көріне бастайды.

***   

Өзгелердің өзіңді жақсы көретінінен  бұрын өзіңнің өзгелерді жақсы көруіңді ойла.

***   

Көзге көрінбейтін күлкі көзден жас ағыза алады.

***   

Ей, орыс халқы! Өз ажалыңнан өлгің келмейтіні–ай!

***   

Мен оны жанымның жанарымен көрдім!

***   

Халық әнінің маңызын айтуды ұнатпаймын. Ол – халықтың  ғажап әсерлі, жарқын, әсем, шынайы тарихы, өмірінің өзі!

***   

Мен шат–шадыман, жайсаң өмір сырын аштым, ал бақытқа құмар жұрт соны көре сала қаша бастады. 

Н. Айдархан