- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Франсуа де Ларошфуконың...
Франсуа де Ларошфуконың нақыл сөздері
Афоризмдер қаламгердің өз басынан өткерген, алайда дәлелдеуді қажет етпейтін шындықты рұхани қорытып шығаруы нәтижесінде пайда болады. Ол әдетте көп мағыналы болып, өмір қайшылықтарының өткіншіліктеріне негізделеді. Ендеше әлемдік әдебиетте афористиканың жеке жанр ретінде дамытқан француз жазушысы Франсуа де Ларошфуконың афоризмдерін ұсынамыз.
Құлық пен айлакерлікке келгенде менмендік алдына жан салмайды.
Құмарлық көп ретте ақылдыны ақымаққа айналдырады. Ақымақтарға ақыл салатын кезі де аз емес.
Құмарлыққа әділетсіздік пен пайдакүнемдік сондай тән, сондықтан оған сену қауіпті, тіпті ақылға сыйымды болып тұрса да сақтанған абзал.
Адам баласының жүрегінде құмарлық атаулы толассыз алмасып жатады, құмарлықтың бірі өшсе, бірі бас көтере бастайды.
Біз өз құмарлықтарымызды ізгілік пен жақсылықтың пердесімен қанша бүркемелеуге тырыссақ та, ол бәрібір шымылдықтың ар жағынан көрініп тұрады.
Біздің көз қарашығымызды сөккеннен гөрі, талғамымызды жамандағанда намысымызға көбірек тиеді.
Күштілердің қайырымдылығы көбінесе алпыс айлалы саясат болып табылады, ол саясаттың мақсаты - халықтың махаббатын жаулап алу.
Жұрт қайырымдылық жақсы қасиет деп есептесе де, кейде ол мақтаннан, кей-кейде жалқаулықтан, жиі қорқыныштан, ал көбіне үнемі осы үшеуінен қатар туындап жатады.
Бақытты адамдардың ұстамдылығы баянды сәттілік сыйлаған сабырдан тарайды.
Біздің барлығымызда жақынымыздың қайғы-қасіретін көтеріп алар күш жатады.
Даналардың сабырлылығы - бар болғаны олардың өз сезімдерін жүрек түбінде жасыра білуі.
Философия өткен мен келешектің зар-мұңына әмірін жүргізеді, ал бүгінгі зар-мұңы философияға әмірін жүргізеді.
Тағдырың саған жаулықпен емес, теріс қарамай, оң қабақ танытқанда өзіңді лайықты ұстап жүру - қиынырақ.
Күнге де, ажалға да тік қарауға болмайды.
Адамдар барып тұрған күнәһар құмарлықтарымен жиі мақтанады, бірақ ұяңда жасқаншақ құмарлық - күншілдікті ешкімнің мойындауға дәрмені жетпейді.
Біздің артықшылықтарымызға қарағанда, жасаған жамандығымыз құдалау мен жек көрушілікке азырақ ұшырайды.
Егер біздің бойымызда кемшіліктер болмаса, оларды жақындарымыздың бойынан көргенде сонша сүйсінбес едік.
Қызғаныш күмәнмен қоректенеді; күмән сенімділікке айнала бастаған сәтте ол не өледі, не долылыққа айналады.
Өркөкіректік мақтаннан бас тартқанның өзінде ештеңе жоғалтпай, ұпайын түгендеп отырады.
Өзіміздің астамшылығымыз өзімізді жеңбесе, өзгенің астамшылығына шағым айтпас едік.
Ақылға сындарлы ой қандай қажет болса, тәнге сұлулық та сондай қажет болады.
Егер махаббат жайлы оның әдеттегі көріністеріне қарап пікір айтар болсақ, оның достықтан гөрі дұшпандыққа көп ұқсас екенін көрер едік.
Сүюді доғарып, өткен махаббатынан ұялатын адам әсте болмайды.
Махаббат - біреу, бірақ оның қолдан жасалған бояма түрі - мың.
Өзіне-өзі сенбеген жанның жақ ашпағаны жөн.
Алданып қалғаныңнан гөрі досыға сенбегендігің - масқаралық.
Күнделікті өмірде кей-кейде біздің жақсы қасиетімізден гөрі жағымсыз қылығымыз тартымдырақ көрінеді.
Жүрек үнемі ақылды ақымақ қылады.
Өзіңді-өзің алдап және оны байқамай қалу қандай жеңіл болса, біреуді алдап және әшкере болмау - сондай қиын.
Әйелді қаншалықты қатты жақсы көрсек, соншалықты жек көруге де бейімбіз.
Құлық пен сатқындық ептіліктің олқылығынан ғана хабар береді.
Айлакердің құрып қойған тұзағынан құтылу үшін кейде дөрекі болу да жеткілікті.
Егер айналасын ақымақтар жайламаса, ақылды адам көптеген қиындықтарға дұшар болар еді.
Бізді билегісі келгендерге тосқауыл болғаннан гөрі, олардың өзін билеген анағұрлым жеңілірек.
Қасиетті бізге табиғат береді, ал тағдыр болса, оның ашылуына көмектеседі.
Ж. Өрісбай