Есенгелдіден бір тайы кем...

Бала кезімде әжемнен  “Есенгелдіден бір тайы кем” деген мәтелді  жиі естуші едім...


Әдебиет сүйер қауымға В.Дальдің «Бекей мен Мәулен», М.Есләмғалиевтің «Зерлі тон», Х.Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы», Ә.Кекілбайдың «Шандоз» кітаптарының кейіпкері ретінде танымал Есенгелді бай шын мәнісінде тарихта болған тұлға. Ол XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан жерінде өмір сүрген.
Есенгелді өмір сүрген жерұйық Жайықтың жағасындағы ел аузында оның есімімен байналысты мәтелдер әлі күнге дейін сақталған. Тәрбиелік мәні тереңде жатқан әр мәтел тек батыс жұртшылығы емес, барша қазақтың құнды қазынасы болуға лайықты.

Есенгелдіден бір тайы кем

Бұл мәтел көбіне екі мағынада қолданылады. Біріншісі, адам қуанышты болып, бақыт сезімін кешкенде: Есенгелдіден бір тайың кем адамдай неге сонша қуандың?! – дейді. Өйткені, кең далада Есенгелдіден артық бай болу мүмкін емес деп ұғынған халық, байлықтың ең жоғары деңгейі осы деп білген.
Ал, екіншісі, дүниеде Есенгелдіден кейінгі жалғыз байдай өркөкірек, менменшіл адамға қатысты қолданылуы.

Есенгелдінің жылқысы көп пе, әлде Соналының сонасы көп пе?

Өз заманында Есенгелді 12 мың жылқы айдаған аса дәулетті бай ретінде барша далаға аты жайылған. Бір күні Есенгелді сонасының көптігінен Соналы атанған аймаққа бір үйір жылқысын айдап келеді. Сол кезде оның бір жылқысының арқасына бірде бір сона қонбайды. Бұл Соналының сонасына қарағанда Есенгелдінің жылқысы көп екенін дәлелдейді. Оның асқан ауқатын көрсетеді.

Есенгелдінің кемпіріне қайыр сұратқан құдайдан қорқу керек

Батыстың байтақ даласында  теңдесі жоқ  байлық иесі Есенгелді күндердің бір күнінде жылқылары жұтқа ұшырап, кедей болып қалады деген халықтың да, байдың да үш ұйықтаса түсіне кіріп көрмеген болатын. Алайда, Құдайдың жазғаны сол болды. Бір күні Есенгелдінің кемпірі қарапайым отбасының босағасына келіп қайыр сұрапты. Сол шаңырақтың бәйбішесі пендешілікке салынып кемпірді құр қол қайтармақшы болған кезде күйеуі зекіп, дәм бергізеді. Қайыршы кеткен соң, отағасы: Есенгелдінің кемпіріне қайыр сұратқан Құдайдан қорқу керек,– депті. Бұл оқиға адамды астамшылдықтан ада болуға баулиды.