Ерте өткен заманда бір патша өмір сүріпті. Оның патшалығы өз дәуірінде лықсыған бай, халқы керемет өмір сүріпті. Бірақ жерінің көлемі тым үлкен емес екен. Патшаның айдай сұлу үш қызы бар екен. Олардың сұлулықтары бүкіл әлемнің еркек кіндіктісінің арманына айналыпты. Бұл үш ханшайымның ерекше қасиеттері бар екен. Олар туыла сала тек іңгәлап жыласа болды, көздерінен жас емес, асыл жауһарлар мен алтын, бриллианттар төгіледі екен.
Бір күні патша өзінің қартайғанын сезіп, бұл патшалыққа мұрагерлік ететін адамды, яғни күйеу бала іздей бастапты. Ол бүкіл әлем халқына мынадай деп жарлық шашыпты: «О, менің халқым, патшалығымның үш ханшайымын ұзатпақ ойым бар. Олардың әрқайсысы бет біткеннің сұлулары. Олар жыласа көздерінен асыл бриллианттар мен алтын-жақұттар ғана саулайды. Бір айдан кейін елдің ең үздік деген еркектері жиналсын. Қыздарым өз күйеулерін өздері таңдайтын болады. Таңдалған күйеу балаларым менің тағыма мұрагерлік етеді және бар байлығыма иелік етеді» деп жариялайды.
Бір айдан кейін патша сарайы әлемнің әр түкпірінен келген патшалардың ханзадалары мен бай-манаптардың мырзаларына толады. Олардың салтанатын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірінен-бірі өтеді.
Олар масаттанып, еліріп хан сарайын қоршай отыра бастайды. Ханшайымдардың өздерін таңдауын күтеді.
Түс ауа патша үш қызын ертіп қалың жұрттың ортасына келеді. Үлкен қызы барша жұрттың алдына шығып, ән айтып, би билеп өнерін көрсетеді. Екінші қызы да жиналған қауымның алдына шығып мың бұрала биге басып, отырғандарды таң қалдырады. Ал ең кіші қызы жұрттың алдына шығады да ақырын ғана жымиып күліп, қайта жүгіріп барып, патшаның қалқасына тығылып қалады.
Патша ыңғайсызданып көпшіліктен кешірім сұрап, кіші ханшайымның бала күнінен тартып тілі шықпағанын айтады.
Ханшайымдардың көңілін өздеріне қарату үшін енді отырған қауымның өнер таласы басталады. Олардың бірі өздерінің артықшылықтарын мақтан тұтса, енді бірі қыл қаламмен сурет салып аруларға мастана қарайды, енді бірі қылыштарынан от тұтатып, ат құлағында ойнайды. Тіпті кейбіреулері сандық түбінде жатқан әлемдегі ең қымбат асылдарын көрсетіп масаттанады.
Үлкен ханшайым мен екінші ханшайым өте көңілді еді. Олар өз шешімдерін жасап қойған-ды, ал кіші ханшайым патшаға тығылған күйі әлі отыр еді.
Үлкен ханшайым өзге бір патшалықтың ханзадасын таңдайды. Ханзада оған уәде беріп: «Мен әлемдегі ең керемет сарайды саламын, әрі, оның әрбір тал кірпішіне сенің атыңды ойып жазамын» дейді.
Екінші ханшайым да өз таңдауын жасайды. Оның таңдағаны бір байдың мырзасы еді. Бай мырза былай дейді: «Әлемде ешкімде менің байлығыма тең келетін байлық жоқ. Мен сенің жүрген жолыңды да, тұратын үйіңді де асыл тастар мен алтынға айналдырамын» дейді.
Кіші ханшайым үнсіз отыр. Жиналғандардың бәрі басын шайқайды. Дәл осы сәтте көпшілік арасынан киімі жұпыны бір қойшы жігіт шығып ханшайымның құлағына сыбырлайды.
Кіші ханшайым мәз болып, қойшы жігіттің қолын алып, онымен ілесе кете барады.
Осылайша патшаның үш қызы да өз жарларын тауып, бақытты өмір сүріп жатады.
Бес жыл уақыт өтеді. Патшаның үлкен күйеу баласы әйелінің көз жасынан төгілген гауһарлардың арқасында жарты әлемді жаулап, талай жұртты қан қақсатып, әлемдегі ең керемет сарайды салады. Әрі, оның әрбір тал кірпішіне әйелінің атын ойдырады. Үлкен ханшайым оны көріп өзін бақытты сезінеді.
Екінші күйеу баласы әйелінің көзінен саулаған қымбат тастарды сатып, саудасы жүріп, байлығы арта түседі. Ол еш күш жұмсамай-ақ шынымен де теңдесі жоқ байлардың қатарына кіреді. Байдың салтанатты сарайын көріп екінші ханшайым да көңілі жайланып, мәз болады.
Ал кіші ханшайым сарайдан кетісімен қойшының жаппасына барады. Олар сол кішкентай қоста өмір сүреді. Әлемнің көп жерін аралайды. Ең соңында суы мөлдір, шөбі шүйгін бір таудың етегінде тұрақтап қалады. Қойшы жігіт жалғыз өзі үлкен ағаштарды жинап, еңселі үй тұрғызады. Қойын өрістете айдап, аздап егіс жұмыстарын да атқара бастайды. Ол күн сайын ханшайымға гүл теріп береді, мәз болған мылқау қыз өзін өте бақытты сезінеді. Олар байып кеткен жоқ, бірақ өмірлері көңілді. Патшайым аздап сөз үйрене бастады. Ақыр соңында ол жатық сөйлейтін болды. Ол аспандағы құстың, судағы балықтың, жүгірген аңның, сыбдырлаған желдің де тілін түсінетін болады.
Бір күні патша ауырып, үш қызы мен күйеу балаларын шақыртады. Патша кіші қызы мен күйеу баласының жамауы бар киімдерді киіп жүргенін көріп қатты таң қалады. Ол ішінен қызымның бір тал жасы бір киім дүкенін сатып алуға жетеді ғой деп ойлайды. Мұның себебін сұраған патшаға қойшы жігіт: «Мен оның жылауына жол бермеймін» деп жауап береді.
Патша дереу жарлық шығарып, патшалық мұрагерді тағайындайды. Ол – қойшы жігіт еді.
Әр адамда бақыт туралы өзінің көзқарасы болады. Оның жауабы ешқашан бірдей болған емес. Бірақ қойшы жігіт нені қадірлеу керек екенін түсінген екен.
Пашта қызынан: «Сонау жылдары қойшы жігіт сенің құлағыңа не деп сыбырлады?» деп сұрайды.
Патшайым әкесіне: «Ол менің құлақ түбіме келіп: "Сенің көз жасың алтын мен асыл тас болып жауса да, мен қанша кедей өмір сүрсем де сені мәңгі жылатпаймын", деп айтты» дейді.
Ең қымбат көз жасы – асыл тасқа өзгеретін көз жасы емес, қайта ақпайтын көз жасы. Себебі, сізді қастерлейтін адам сіздің көз жасыңызды ағызбайды.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: nipic.com