Кейде қарбалас тіршілікте жүріп, адам бойындағы ізгі қасиет адамгершілікті аяқ асты етіп жатамыз. Бір уақ адамгершілікке қатысты даналардың сөздерін оқып, бойымыздағы осы қасиеттің қаншалықты дәрежеде дамыған-дамымағанын бағамдайық. Назарларыңызға Мырзагелді Кемелдің Абзалдық әліппесі кітабынан адамгершіліккке қатысты топтаманы ұсынамыз. Адамгершілік Нағыз адам жер бетінде өзін қарыз адамдай сезінеді, әйтпесе ол масыл ретінде сезінуі тиіс еді. Адамға адам болу, ойлай білу, тыңдай білу осы үш қабілет керек. Өзі үшін ғана өмір сүріп, өзіне ғана пайда болсын деген адам бақытты бола алмайды. Өзің үшін өмір сүргің келсе, біреулер үшін өмір сүр,- депті Сенека. Адам ағын су емес. Ағын су артына қарай алмайды. Артыңа қара, ізің қандай болып түсіпті, үңіл. Адамды өзінің артықшылықтарын көрсету, басымдылық көрсету, жеңіске қол жеткізу мүмкіндіктерін иелену тілегі басқарады. Адамдардың мінез-құлқы қажеттілігіне байланысты өрбиді,- деді бізге заң тарихынан сабақ берген Дюков деген заңгер. Адамда алдымен өзінің қажеттіліктерінің төңірегінде ғана қызығу болады, өзінің ауырған тісінің уайымы елдегі аштық пен апаттан зәрлірек,- деп Д.Карнеги дұрыс айтқан. Адам қандай болса, сөзі сондай. Адамды досына қарап таны, - деген сөз бар. Бірақ адамның досына ғана қарап емес, жауына қарап та кім екенін тануға болады. Үлкен істерде адамдар өзін сол іске лайықтап ұстауға тырысады, ал ұсақ істерде адамның шын бет пердесі анықталады. Ой қуу бар, іс қуу бар, сөз қуу бар. Мінің жоқ болып көрінуге тырыспа, кемшілігі жоқ адамның артықшылығы да жоқ. Тағдыр дегеніміз - адамның өзінің өміріндегі жіберіп алған кемшіліктерінің жиынтығы. Ыстық пешке бір отырып қойған мысық қайтып ыстық пешке отырмайды. Суық пешке де,-деген Марк Твен. Қателіктерді болдырмау да біздің тәжірибемізге, білімімізге, санамызға байланысты. Адам адал болған сайын өзге жұрттың адалдығына күмәндануы азаяды. Адам неғұрлым ақылды, мейірімді болған сайын, соғұрлым өзгенің жақсылығын бағалағыш келеді,- депті Блез Паскаль. Тәрбиелі адамдар адамның жеке басын ардақтай біледі, сондықтан да ол әруақытта мейірбан, жайдары, сыпайы келеді,- дейді Чехов. Адал адам адалдығы үшін төлем төлеп тұрады. Әркім әрнәрсенің құлы. Құл емес ешкім жоқ. Бәрі ұғуға байланысты. Барлығын айқын көріп тұрған адам бақытсыз,- депті Пастер. Өзінің сеніміне қарай іс жасаған адамның бәрі парасатты емес, ол үшін оның сенімі де парасатты болуы керек,- дейді Достоевский. Есі бар адам өмірге икемделеді, ессіз адам өмірді өзіне икемдегісі келеді,- дейді Бернард Шоу,- Қоғамның дамуы байсалды ақылдылардан гөрі шыдамсыз ізденушілерге көбірек байланысты. Неге біз біреу мақтаса: міне мен қандаймын!,- деп, ал ұрысса: ол қандай,ә?,- деп ойлаймыз. Түсіну дегеніміз - сезіну. Түсіну дегеніміз - келісу. Бір нәрсені шындап түсіну үшін оны істеп көру керек. Сіз мені түсінбедіңіз,-дегеннен гөрі, Мен сізге жеткізе алмадым-ау,- десең ұтасың. Қолынан іс келетіндерді көре алмау, дарындыларға зиян жасау, ұлыларға өшпенділік жасау бұрыннан келе жатқан нәрсе. Адам адамды өзіне ұқсастықтары үшін де жақсы көруі мүмкін Жек көрсе жақсы көріп, жалғандықты - шындықпен, зорлықты -шыдаумен жеңу мүмкін,- деген Махатма Ганди. Егер өмірде көп нәрседен құр қалсаң, оған өзіңді ғана айыпта. Кісіні көлеңкесі жетелемейді, кісі көлеңкесін жетелейді. Ең алынуы қиын қамал - адамның бас сүйегі,- депті Маркс. Түсініксіз болған жаман. Бірақ әбден түсінікті болсаң ол да жаман. Мені түсінбей қалады деп қорықпа, оны түсінбей қаламын ба деп қорық. Маған түсінікті нәрсе жұрттың бәріне түсінікті деп ойлап қалма. Біреу сөзіңді түсінбей қалса күлме. Қанша түсіндірсең де ұқпайтын, мүмкіндігі шектеулі адамдар болады. Жаның жалқау болмасын. Пендеде бір іс бар - жалығу деген. Ол -тағдырда адаммен бірге жаратылған: оны өзі тапқан емес. Оған егер бір іліксе - адам баласы құтылмағы қиын,- депті Абай Адам өмірінде атаққа, билікке, байлыққа, білімге, абыройға ұмтылады. Ұстай білмесең, бәрі де баянсыз.