Елден естіген хикаялар

Елден естіген хикаялар

Жия Пиңхуа(Қытай)

Бірінші хикая мынадай еді. Өте ертеде мына дүниеде бір қас батыр болыпты. Ол бір қыстаққа келіп, ондағылардың жәрдем қажет ететін-етпейтіндерін сұрапты. Қыстақтағылар оған тауда бір жолбарыстың өздеріне үнемі лаң салып тұратынын айтыпты. Сонымен батырекең тауға шығып, азулы жолбарыспен 3 күн, 3 түн алысып, ақыры өлтіріп, терісін сыпырып алып, қыстаққа қайтып барып: «Тағы нендей зобалаң бар?», - деп сұрапты. «Теңізде бір аждаһа бар, соның көзін жойып берсең», - депті қыстақтағылар. Батыр теңізге барып аждаһамен 7 күн, 7 түн шайқасып, ақырында басын кесіп алып, қыстаққа қайтыпты. Қыстақ халқы астатөк дастарқан жайып, асты-үстіне түсіп бәйек бола күтіпті. Батыр бір көзе шарапты тартып жіберіп: «Бастарыңа үйірілген тағы нендей зобалаң бар? Айтыңдар қане, батыр елінің басындағы қайғыны аластау үшін туады емес пе!», - депті шалқып. «Дұрыс айтасың, басымызға төніп тұрған тағы бір зобалаң бар, соны аластасаң дүние тыныш болар еді», - деседі қыстақтағылар. «Кім ол?», - дейді батыр. «Сенсің», - дейді қыстақ халқы. Батыр: «Қалайша мен боламын?», - дейді олардың бұл сөзін түсіне алмай. «Өйткені сен батырсың», - дейді қыстақтағылар. Батыр ұнжырғасы түсіп, ары-бері ойланып отырады да орнынан тұрып, бұл қыстақтан аттануға оқталады. Бірақ аяғын аттай бере жер сүзе жығылып, демі үзіледі. Әсілі оның ішкен шарабына баяғыда-ақ у салынған екен.

***

Екінші хикая осыдан 60 жыл бұрын болған іс екен. Біреу өзеннен өтем деп суға батып бара жатқанда екінші біреу оны құтқарып алады. Суға кете жаздаған адам құтқарушысына алғысын білдіру үшін оны өкіл әке деп таниды. Бір жылдан кейін осы құтқарылып қалған адам тау жолында кетіп бара жатып, бір топ бөрінің бір адамға шауып жатқанының үстінен түсіп, бар күшін салып жүріп үйірлі қасқырды қуып салады. Әлгі адам мұны өкіл әке деп таниды. Осыдан кейінгі 5 жылда, өкіл ұл әр жылғы мереке-мейрамда өкіл әкесіне амандаса барып тұрады. Олардың күндері алаңсыз, өзара тату-тәтті өтіп жатады. 1944 жылдары қытай-жапон соғысы болып жатқан кез еді. Жапондықтар тауға шығып, партизандарды қоршап жоймақшы болғанда осы үшеуін ұстап алып, оларға жол бастатады. Бірде мина көмілген өңірден өтуге тура келгенде, әлгі тұтқындарды алдыға айдап салып, жол ашқызбақшы болады. Бұл үшеуінің ішінде біреуі міндетті түрде өлуі керек болады. Жапондар әлгі суға батқан адамнан «Сен айт, кім алда жүрсін?», - дейді бұйырып. Ол өзі құтқарған адамға және өзін құтқарған адамға кезек қарап, соңында «Мынау барсын», - дейді өзінің өкіл әкесін көрсетіп.

***

Үшінші хикая тіпті де қарапайым, осы заманғы әңгіме еді. Бір мекемеде үнемі дәретхана тазалап жүретін Лайзы атты жұмысшы болады. Сонымен жыл соңында үздік қызметкер болып бағаланады. Бұл адам сол күннен бастап күн сайын дәретханада тұрақты тазалық жұмысымен айналысатын болып белгіленеді. Дәретхана сәл таза болмай қалса болғаны, өзгелер «Лайзы, Лайзы, Лайзы қайда?», - деп шұрқан салады. Кейін дәретхананың жер асты су жолы бітеліп қалып, үлкен дәрет көлшігіне түсіп су жолын ашуға тура келеді. Елдің бәрі «Мұны Лайзы істеуі керек», - деседі. Сонымен лас көлшікке Лайзы түседі, бірақ, қайта шықпайды. Өйткені ол шалшық газға тұншығып өліп қалған еді.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: toshiba.co.jp 

M. Auelkhan