- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Екінші жартыңыз қайда?...
Екінші жартыңыз қайда?
Философ алманы қолына алып, айналдырып, әр қырынан барлай қарап, терең оймен былай деп сөз бастады:
– Адамдар өз жаны алмаға ұқсас деп ойлайды.
– Қалай сонда? – деп қызыға сұрады шәкірті.
– Дәлірек айтсақ, алманың жартысы. Шамамен осындай,– деп алманы ортасынан бөліп, үстелдің үстіне қойды,– Әр адамның өз жартысы, идеалы болады – адамдарда осындай сенім бар. Жаратқан жанды әлемге жіберер кезде ортасынан бөліп, бірін ер, бірін әйел етіп, екі жарты түрінде жібереді. Алма сияқты. Міне, осылай кезіп жүріп, әр адам өз жартысын іздейді. Сөйтіп таба ма, сен қалай ойлайсың? Қаншалықты өз жартысын дәл табады? Әлемде қанша адам бар?
– Өте көп.
– Дәл солай. Сөйте тұра, олар бір-бірін табады. Ары қарай не болады? Бүтін алманы құрап, ары қарай тату-тәтті өмір сүреді деп ойлайсың ба?
– Әрине, өзі де солай емес пе?– деп таңғалды шәкірт.
– Жоқ, олай емес.
Ұстазы екі жарты алманы қайтадан қолын алып, жоғары көтерді.
– Міне, әлемге келген екі таза жан. Ал олардың жанын әлем қалай өзгертеді?
Философ алманың бір жартысын тістеп алды да:
– Әлем аумалы-төкпелі болады әрі қатігез. Ол осындай не басқа да әдіспен өзіндегінің барлығын ұнтақтайды. Бөлік-бөлік етіп кеседі, тістейді, шайнайды, езбеге айналдырады,– деп, екінші жартысын тістейді де, біраз уақыт үнсіз қалады. Жанында тұрған шәкірттің тағаты таусылып барады.
– Енді, міне,– деп тістелген екі жартыны салтанатты түрде көтеріп, біріктіреді, – олар кездеседі.
– Қарашы, олар бір-біріне сәйкес келе ме? ...жоқ!
– Енді мынаған қарашы, – деп ұстазы тағы бірнеше алманы ортасынан бөлді де, әрқайсын екіге бөліп, басқасымен жабыстырды.
– Олар сай келмейді– деп басын шайқады шәкірті.
Сәйкес келмей тұрған алманың екі жартысын қоса тістеді де:
– Енді сай болды ма?– деп сұрады.
– Иә-ә,– деп ойлана басын изеді шәкірт.
– Себебі әлем оларды жалғыз кезінде емес, біріккен түрінде тістейді.
Бір-бірін сүйген адамдар бір бүтінге айналады: өмірдің қызығына бірге қуанады, тағдырдың соққысын қатар қабылдайды, бірін бірі бір ауыз сөзден түсініп, ұғынып тұруға үйренеді, әрдайым бір-бірін қолдап, жетістікке жетуіне қанаттандырады. Уақыт өте келе жақсы жұп бірін-бірі толықтырады, жақсысын асырып, жаманын жасырады, үйлесімге келіп, тіпті мінездері де ұқсас боп кетеді.
Демек, екінші жартысы тумайды, екі жарты бір бүтінге айналады. Бұл көп еңбекті талап етеді.
@. @assel_assanova