Екіге бөлінген төрт қазақ
Жол үсті. Купеде төрт қазақпыз.
Бірі — жап-жас жігіт. Күнге күйіп, тотыққан. Сонсоң жасамыстау келіншек. Жаз бойы ұрада отырып, бүгін ғана сыртқа шыққандай аппақ. Үшіншісі – менің нағашым. Қалаға көзін емдетуге келе жатыр. Көп сөйлемейді. «Адам тілден қалған соң, сөзден де қалады екен ғой,» дейді.
Жігіт пен келіншек халықаралық тілде сөйлескенді қалайды.
Жігіт үнемі сапарда жүретінге ұқсайды. Жұмыс бабы солай көрінеді. Әке-шешесі, отбасы Сарышаған стансасында тұрады екен. Айына бір, ары кетсе, екі рет келеді, кетеді…
Ал енді, мынау «күн көзін көрмеген келіншек» бұған дейін Алматы мен Астананың арасына тек ұшақпен ғана қатынайды екен. Тек, бүгін қаладағы көлік кептелісінің кесірінен әуежайға үлгере алмай қалғандықтан, амал жоқ, пойызға мінуіне тура келіпті.
Бұл менің бір құлағыммен естіп-біліп келе жатқаным. Себебі, екінші құлағым нағашымның көз туралы әңгімесіне қарай түрілген.
Біз әрине, өз тілімізде сөйлесеміз.
Кенет терезе жақта отырған жас жігіт бізге қарап:
-Сіздер қазақша таза сөйлейді екенсіздер, — деді біртүрлі таңғалып. –Ал мен теледидардан қазақша хабар тыңдасам, түк түсінбей қалам. Сонсоң: «Папа, не туралы айтты?» деп сұраймын әкемнен. Ал ол болса: «Қазір орысшасы болады ғой, содан түсініп аларсың дейді…»
Біз, нағашым екеуміз бір-бірімізге қарап, қазақ еліне басқа планетадан келген жандар секілді біртүрлі қысылып қалдық.
Ұпай жинау
Әдеттегідей Жазушылар одағында ана тіліміз туралы толғана, тебірене, ашына сөйлеген академиктің сөзін зейін қойып тыңдап отырмыз.
Мен бұл кісінің ұл-қыздарын және олардан тараған үрім-бұтағын жақсы танимын. Қазақша бір ауыз сөз білмейді. Үлкен қызы университетте бізбен бірге оқыған. Әрине, орыс тобында. Одан туған жиендері қазір Америкада білім алып жатыр. Ағылшынша судай ағады. Ал қазақшадан мүлде мақұрым…
Аздан соң академик ағамыз үйіне жетіп, табалдырықтан аттаған кезде ана тілін «ұмытады».
Сонда… Бұл кісі… бұл сөзді кім үшін, не үшін айтып тұр?.. Мұндағы қаламгерлер қауымы, құдайға шүкір, әзірге қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінің арқасында нан тауып жеп жүр емес пе.
Кенет, қарап отырмай, қасымдағы Зәкір Асабаев ағамыздың құлағына сыбырлап:
-Кімге айтып тұр? –деп сұрадым.
Ағайдың түсі бұзылып, көзінен от шашырап:
-Түсінбей отырсың ба? –деді зілденіп. –Оның ойынша, мына біз қазақша білмейміз!..
Ғани Балтағарин