- Негізгі бет
- Тәмсіл
- "Екі түрлі көзқарас"....
"Екі түрлі көзқарас". Сәтсіздіктің себебі
"Мен өмірге келе сала жолы болмаған адаммын..." – деп бастады егде тартқан профессор. Тіпті құрсаққа түсе сала жолым болмады десем де болады. Әкем кәмелет жасқа толмаған дос қызы мені құрсағына көтеріп жүргенін білгеннен-ақ із-түссіз жоғалып кеткен. Осылай мен бірден жолы болмаған жартылай жетімге айналдым. Ал анам менімен тоғыз ай ғана мен өмірге келмей тұрып бірге болған. Перзентханада менің шыр еткен дауысымды естісімен-ақ менен бас тартып, босандырған дәрігерлердің қолына тастап кете барған. Ештеңеге дәрменсіз, дүние есігін жаңа ашқан мен бөгде әлемде жападан-жалғыз қалдым.
Одан ары қиындық үстіне қиындық басыма қара бұлт боп төне түсті. Өмір бойы жолым болмады. Балалар үйінің тұрғыны болдым. Ол жерден күнде біреуді бала қылып асырап ап кетіп жатса да, мені ешкім алмады. Сондай әлсіз, аурушаң бала болдым. Балалар үйінде түрлі-түсті балалар бар. Қытайлардың төбелесін, мексикалықтардың балалары мұрын шүйіре қарайтыны, қара нәсілділер қалай қатты шымшитынын – түгел бастан кештім.
Жолым болмауы білім алуда да сол күйі жалғаса берді. Мұғалімдер де тұрақтамай ауыса берді. Әр пәнге арналған өзінің мұғалімі де болған жоқ. Осылай өмір бойы жолым болмаумен келе жатыр...
Осыны айтты да біраз уақыт үнсіз отырып қалды. Содан соң бізге қарап әңгімесін жалғастырды. Мұны сіздерге айтудан шаршадым. Негізі бұл менің оқиғам емес. Қаласаңыздар, өзімнің бастан өткізген жағдайымды айтып берейін.
Негізі мен өмірде жолы болған адаммын. Әкем мені көрмей жатып мәңгілікке тастап кеткені дұрыс болған деп ойлаймын. Мені асырап-баға алмайтынына, тірі қалуым үшін жағдай жасай алмайтынына сенімді болғаннан кейін осындай шешім қабылдағаны үшін оған алғыстан басқай айтарым жоқ. Кім біледі, оның жанында өссем балалық шағым қалай өтер еді?!
Ал анам менімен перзентхана үстелінде жатқанда-ақ қош айтысты. Сол кезде де жолым болған екен. Себебі өзі әлі кәмелет жасқа толмаған ештеңеден хабары жоқ ана мені перзентханадан алып кетсе, ары қарай өмірім қалай болар еді, елестете алмаймын, тіпті тірі қалмауым да мүмкін еді. Әлсіз болсам да, мерзімінен бұрын тусам да ол маған өмір сүруге мүмкіндік берді, сол үшін де мен оған қарыздармын. Менен бас тартуы маған күш сыйлады. Тыр жалаңаш күйде шыр етіп өмірге келген сәтте-ақ арқа сүйейтін ешкімім жоқ екенін ұқтым.
Кішкене кезімде ешкім асырап алмағаны да жақсы болған. Олардың аялы алақынында бар жағдайым жасалған жерде сол шақтағы әлжуаз қалпымнан қазіргідей мықты боп өсе алар ма едім? Балалар үйінде өсуімнің арқасында табанды боп жетілдім. Қытай балаларынан қалай төбелесуді көрдім, қара нәсілділердің шымшуды үйрендім, болмайтын адамдарға бір түкіріп жүре беруге де сол жерде дағдыландым. Бұл жолым болмағаны ма?!
Ал мектептің жыры тіптен бөлек. Мұғалім жетіспегендіктен бірнеше пәннен бір мұғалім сабақ берді. Жоғары сыныпқа көшкенде тіпті биология пәнінің мұғалімін "тірі энциклопедия" санап, онымен жақын дос боп кеттік. Ол бізге математикадан да сабақ беретін, күн сайын көргендіктен қарым-қатынасымыз да нығая түсті. Ол пәндерден алатын бағаларым да жақсы болды. Колледжге тапсыратын кезде ойланбастан биология мен математиканы тереңдетіп оқытатын оқу орнын таңдадым.
Одан кейін университетке түстім.
Одан соң ғылыми жұмыс.
Отбасы. Балалар. Немерелер. Шөберелер...
Жұлдызды жан боп туғаныма бақыттымын!
Үнемі жолым ашылып отырғаны үшін тағдырыма ризамын...
@. @assel_assanova