Екі тәмсіл

Арыстан мен түлкінің нәр татып, азықтанбағанына бірнеше күн болыпты. Олар келе жатып, бір үңгірге тап болады. Үңгірге кірсе, ішінде үлкен тас мүсін мен екі құмыра жатыр екен. Түлкі тас мүсінге жалбарына бастайды: «Ішімізге бірдеңе түспегелі біраз күн болды, ашығып өлу алдында тұрмыз...».

Дәл сол сәтте әлгі мүсін олардың тілін түсініп, сөйлей бастайды: «Мұнда екі құмыра жатыр. Бірінің ішінде азық-түлік бар, екіншісі бос. Сен тек біреуін ғана таңдай аласың» дейді мүсін.

Сол сәтте түлкі: «Екі бөтелке жатқаны ғой рас, бірі бос дейсіз, менің ойымша, бұл бөтелкенің екеуі де бос сияқты» дей беріп еді. Бір құмыра домалап түсіп: «Кет әрі, мен ғой дейсің бе бос жататын...» деп шап ете қалды.

Түлкі бұл сөзді естіген соң, дереу әлгі сөйлеген құмараның қасындағы екіншісін жұлып алды. Аузын ашып еді, іші толған ет екен. Арыстан мен түлкі таласа-тармаса әлгі азықты асай бастады. «Ей қу түлкі, мұнда азық бар екенін қайдан білдің?» дейді.

«Бұл оңай ғой, тақсыр-ау! Ішінде ештеңесі жоқ кез келген дүние басқалардың өзінде ештеңе жоқ деп айтуынан қатты алаңдайды да, бұрын қимылдайды. Ал іші толы қымбат мүлкі бар кез келген дүние үнсіз қалуды жақсы көреді» деді.

«Иә, шабан үйрек бұрын ұшар» деп дауыстады мүсін.

 

***

Қала ортасындағы үлкен сарайда орналасқан қонақ үйдің биік қабаттарына шығып-түсуге бір ғана лифт аздық ететін. Осы мәселені шешу үшін қонақ үй директоры құрылыс техниктерін шақырды. Құрылысшы мамандар әрі-бері ақылдаса келіп, барлық қабатты тесіп, екінші лифтті бірінші лифттің қасына орналастыруды ұсынды. Жоба туралы ақылдасып, каридорда тұрғанда, олардың қасына тазалықшы шал келіп тұрды. Істің мәнін түсінген шал әлгі мамандарға қарап: «Өңкей миы жоқ, ақымақтар. Сендер әр қабатты тесіп, мына маңның бәрін ластайсыңдар ғой» деп кейіп жастарға ұрса бастады.

«Иә, оның алдын алу қиын енді...» деп бірі сөз бастай беріп еді, шал: «Меніңше, мына қонақсарайды бірнеше күнге жабу керек» деді.

Директор шыр ете қалды: «Жоқ, қонақ үйдің жұмысын тоқтатуға болмайды. Басқалар бізді жабылып қалды деп ойлайды немесе саудамызға кері әсері тиер...» деп шұбырта жөнелді.

«Егер мен сендердің орындарыңда болсам, - деді шал, - Лифтті ғимараттың сыртына орналастырар едім» деп жүріп кетті.

Бәрінің ауыздары аңқиып тұрып қалды. Бүкіл жоба қайта басынан бастап жасалды.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: manshien.blogspot.com