- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Дымы қалмай күйіп...
Дымы қалмай күйіп кету дегенді күл ғана біледі
"Адам мінезін түзеп болмайды дегендердің тілін кесер едім" дейді Абай. Сіздің мінезіңіз қоршаған ортаңызға, айналадағы адамдарыңызға байланысты. Сондықтан көркем мінез қалыптастыру үшінде оқу керек. Мырзагелді Кемелдің "Абзалдық әліппесі" кітабынан мінезге қатысты біршама құнды ойларды оқуға ұсынамыз.
Қытайдың бір данагөйінен сұрапты: "Жұмсақ өміршең бе, қатты өміршең бе"?- деп, - Жұмсақ,- депті де тілін көрсетіпті. Ал тісім болса – жоқ.
"Кішкене кілт үлкен сандықты ашады", - дейді Р.Гамзатов.
Лай суды жайына қойсаң, тұнық болады.
Кеудеңе өкпе-реніш жинама. Көзе тамшыдан толады, кеудеге де зіл біртіндеп жиналады.
"Ашу тасыса ақыл төгілер",- дейді халқымыз. Көңілде кірбің қалмасын десең, ашуланба. Қайнаған судан шәйнектің қабырғасына қақ тұратынын білесің бе? Ашуланып, түтіккенің, ашуланған себебіңнен де зиян. "Ашу пышақ болғанда, ақыл – таяқ, кемиді сол таяғың жонғаннан соң",- дейді Ақмолла ақын.
"Бабаңнан жүз жас үлкен бол, Балаңнан жүз жас кіші бол",- дейді Мұзафар Әлімбаев.
Тоғайға от түссе, құрғағы мен суы бірдей жанады. Үлкен дауыл ұзақ тұрмайды, нөсер де солай – құйып өтеді.
"Құмарлықтан асқан от, ашудан асқан бейнет, өтіріктен асқан қиянат, құштарлықтан асқан телегей теңіз жоқ",- деген Будда.
"Дымы қалмай күйіп кету дегенді күл ғана біледі",- дейді Иосиф Бродский.
Мен оңашалықты жақсы көрем. Керексіз отырыстарда өзімді қоярға жер таппай, шаршап кетемін.
Бір нәрсе болып қалса: солай болатынын біліп едім,- дейтіндер табыла кетеді. Біліп тұрып су лайлайтын өсекшілер де толып жатыр. Өсек кейде өзінен озып бара жатқанды қаралау мақсатында арнайы шығарылады.
"Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің",- дейді данышпан Абай.
Адам баласының бойындағы ең нашар қасиет – күншілдік. Күншіл болма, ол неге менен озып кетеді деме, мен неге оған жетіп, озып кетпеймін де. "Кісінің денсаулығын титімдей сатқындықтың өзі бұзады",- деген Николай Рерих "Жанды этика" деген кітабында.
"Пенденің сауабы таразыға түскенде, жақсы мінезден пайдалы ештеңе болмайды. Жақсы мінездің дәрежесі ораза ұстап, намаз оқығанмен бірдей",- дейді пайғамбардың хадистерінде. "Шын кішіпейілділік адам таңдамайды, шын әділдік өз адамдарын өзгелерден айырып қарамайды, шын білімге зұлымдық жат, шын жанашырлық туыстарға ғана болмайды, шын сенім алтын көрсе де айнымайды",- дейді Конфуций.
Мінезің қабілетіңе дұшпан болмасын. Ішкі жан дүниең сайрап, еркің өзіңде болғандықтан да ақылгөйсіп қажеті жоқ. Санаң тайталасып тұрғанда сезімге бас ұрып және қажеті жоқ.
"Мінез, құлық – әркім өзінің кейпін көрсететін айна"- дейді Гете.
Біздің халық ат жарыстырады, бір елдерде ит таластырады, қораз шоқыстырады. Бұл да мінез.
Көрсеқызар болма. Қызықты қуып іздеме. "Ненің қызығын көп іздесең, соның азабын бір тартарсың",- деген Абай.
Қарғыстан абай бол. Дүниеде қарғыс жаман, біліп айып жасағанға зауал бар.
Алданудың ең төте жолы – өзіңді өзгелерден қумын деп есептеу,- депті Ларошфуко. Бір адамнан немесе бір топ адамнан қу болып шығу мүмкін шығар, бірақ барлық адамнан қу болып шығу мүмкін емес, бәрібір біреу болмаса біреу ішіңде не жатқанын біліп қояды.
Сыр жасырғысы келген адам, өзінде жасырын сыр бар екенін жасырғаны дұрыс.
Ұстамды бол. Ол – мінезділіктің белгісі.
Рухыңды биік ұста. "Тән үшін сүрген өмірдің рахаты болмайды, тән үшін сүрген өмір азап шектіреді. Рух үшін сүрген өмір ғана рахатқа жеткізеді",- деген екен Лев Толстой.
Бірінші тілегіңді басып тастамасаң, кейінгілерінен қашып құтыла алмай қаласың.
"Өзіңе тілемеген жамандықты басқаға да тілеме. Өзіңе тілеген жақсылықты басқадан қызғанба",- деген Ғабиден Мұстафин.
Біреу мақтай қалса күпінбе. Мақтауға лайықсың ба, жоқ, бекер айтылып тұр ма, ішің біліп тұрады, өзіңді алдама. Евгений Евтушенконың "Жарамсақтану" деген өлеңінде мынадай ой бар: "Шәуілдек қанденді бульдогсың деп қайта-қайта көтермелей берсең, шынымен бульдог шығармын деп қалады",- деген.
Жағдайың қалай деп сұрай салғанға бар шыныңмен жағдайыңды айта жөнелудің қажеті жоқ.
Егер біреуді нашар деп, оңбаған деп, болмағыр деп айта берсең, ол шынымен солай болып кетеді. Өзі құлдырап жүрген адамға барлық дүние құлдырап бара жатқандай болады. Ларошфуко айтыпты: "Жаманға ылғи жаман көзбен қарау дұрыс емес, жақсылықты жаман көңілге де егуге болады, өйткені ол тас емес, көңіл ғой".
Екі құлаққа бір тіл келетіні екі есе тыңдап, бір рет сөйле дегені емес пе?!
Анахарсис: "Тілің мен нәпсіңе ие бол",- депті.
Н.Рерих айтқан екен: "Бос сөздерді алып тастауға кеңес беремін",-деп.
Қалай сөйлеуді үйрену қаншалықты керек болса, қалай, қай жерде сөйлемеу соншалықты керек.
Менің сөзім - менің уәдем. Сөзден тайсам - уәдесіз болғаным. Патшалардың сөзі ісіне ылғи сай келе бермейді, өйткені сарайда олай еттірмейтін күштер болады.
Айтылуы тиіс сөзіңді айтпай қалып, ішіңе жинай берсең – ол да жаман. "Атылмаған оқтан – айтылмаған сөз жаман",- деген Мұқтар Әуезов. Түтін шыққан жерден от та шығады, айтылмаған сөзің - түтін, одан от шығып кетуі мүмкін.
Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі,- дейді қазақ. Британ парламентіндегі таусылмайтын айтыс-тартыстардың бірінде бір лейбористка Черчилльге: "Мен сіздің әйеліңіз болсам, кофеңізге у салып берер едім",- депті. Черчилль кішкене уақыт өткізіп, жұрттың мысқыл күлкілері басылған кезде: "Егер сіз менің әйелім болсаңыз, ол уды ойланбай-ақ ішіп салар едім",- деген екен.
Тіл ақылдың алдына түсіп кетпеуін қадағала.
Біреудің айтқысы келмей тұрған сөзін сұрап мазалама. Сұрақ қою біреудің ішкі жан дүниесіне зорлықпен ену секілді. Өйткені, кейде, айтқысы келмейтін, есіне түсіргісі келмейтін нәрселерді сұрап адамның жанын ауырту мүмкін ғой.
Өзгені өзінен де артық түсінсең қанеки.
Өз пікіріңді алдымен өзің құрметте, айтылып, аяқсыз қалып қоятын сөзді айтпа. Айтқан әрбір сөзің мен жасаған әр ісің өзіңнің табиғатыңа, өмірлік принциптеріңе сай болса, адамдар қалай ойлап қалар екен деп жалтақтама, ал егер сенің ісің мақұлдана қалар болса, менің ісіме берілген баға артық болып кетті-ау деп те қысылма. Дұрыстығыңа сенсең өзбетіңше, еркін өмір сүр.
Сөз бен ақиқат екі түрлі болған кезде сөзіңнен тез қайтқаның дұрыс.
Айтқан сөзің түсініксіз болса, айтар ойың түсініксіз болғаны.
Кейде үндемей қалу да үлкен сөз айтқанмен бірдей. "Үндемесем өзіме өзім төремін, үндесем - сөзім өзіме төре",- депті Саади.
Өзіңді өзің тежеуді үйрен және оны ұдайы жаса, себебі өзін-өзі тоқтата алмайтын адам, тежегіші жоқ машина сияқты.
Қызғанба және қызықпа. Адамның көзі өзгенікін өзінікінен бұрын көреді, оған әдеттенбе. «Алтын тақта алтын асықпен ойнап отырып, көршілерінің күміс қасығына көзін сатады»,- деген мәтел бар.
Көршінің сиыры өліп қалса, қуанып қалатындар да кездеседі.
Орыста «злорадство» деген сөз бар, ол – табалау, қиянатқа қуану деген сөз. Мен бір басшы қызметкер инфаркт болып, қозғала алмай үйінде жатып қалғанда, қарамағындағы, одан аз-маз қысым көрген бір директордың «мен де барып, оның жанының қалай қиналып, пенде болып жатқанын көрейінші»,- дегенін естігенде төбе шашым тік тұрған.
Шыдамсыз болма. Шыдамсыздарға қымбатқа түсетін нәрсені шыдамдылар тегін пайдаланады.
Ішіндегі ойын жасырамын деп те көп сөйлейтін мылжыңдар болады, ештеңе ойламайды демесін деп те көп сөйлейтін мылжыңдар болады. Көп сөйлеу мен көп айту екі басқа.
Біреудің әзілін көтеріп үйрен, бірақ өзің әзіл айтуға абайла: оның әзілді қалай қабылдайтынын қайдан білесің.
Өзіңде бардың барлығын бір ақ рет көрсетіп қойма, ертең де күн бар. Адам – жұмбақ, ол түгел шешіліп болған соң, қызық болмай қалады.
Екі нәрсе есіңде болсын: лажы барынша мұң шақпа және ешкімнен ештеңе тіленбе. Көбісі мұңыңды бәрібір түсінбейді, сөз етеді, көңілің қалады. "Сұраушының сүйген асын кім берер",- дейді Мұқағали. Кімнен, нені, қай көлемде сұрағаның – сенің ақыл-парасатыңның, мүмкіндігіңнің, ұятыңның өлшемі.
Жақсылық жасасаң міндет етпе деген қағиданы білетін боларсың, ал абырой-атаққа ие бола қалсаң, оны да міндет етпе. Сенің алған мемлекеттік атағың немесе үлкен орденің бүгінгі еңбегіңе берілген баға, өмір бақи атақты болуға берілген вексель емес.
Кішіпейіл жандардың бір қасиеті – бойына біткен қарапайымдылығынан көзге түссем деуден аулақ, елеусізденіп, кішірейіп жүре береді. Ал, шын мәнінде олардың бойында асыл қасиеттер мол болады. Бірақ оны жұрттың бәрі біле бермейді, екінің бірі көре бермейді. Себебі, адамшылыққа астасқан жан сұлулығы жүректің тереңіндегі нәрсе, бір сәті түсе кетпесе жарқ етіп жарыққа шыға бермейді ғой.
ХҮІІ ғасырда өмір сүрген қытай ғұламасы Хун Цзы Чен: "Қызулықпен уәде берме. Мастықпен ашуланба. Қуаныш үстінде жоспарлар жасама. Шаршап отырғанда келешектегі істерің туралы ойлама",- деген екен.
Біреу жайында айтылғанда күлме. Мүмкін оның орнында сенің атың аталуын мегзеп тұрған шығар.
Жақсылық та, жамандық та бойға біртіндеп сіңеді. Бара-бара оған қалай көндігіп, билігіңнен айрылып қалғаныңды білмей қаласың.
Лао-цзының мына сөздері ылғи есте жүретін екен:
"Үй ішіндегі құпияны сыртқа шашпа;
Өз ата-анаңның кінәсін ешуақытта аузыңа алма;
Қайырымдылық қылсаң, қайтарымын дәметпе;
Өзіңнің өтінішіңді орындамағандарға өшпенділік жасама;
Өзгенің кемтарлығын келеке қылма;
Жаңа мүлікке есіңнен танып, ескіні ұмытып кетпе".
"Сабырлы ғана ағып жатқан өзен терең болғаны",- дейді Шекспир.
Ұятың мақұлдамай тұрған іске кіріспе. Айтып жіберген сөздерім үшін көп қызардым, айтпай бүгіп қалғандарым үшін бір рет те олай болған жоқ.
Ұяты бар адамның ғана мойнындағы қарызы есте жүреді.
Қорқақтық та ұяттың бір аты.
Ұят түтін емес көзіңді ашытпайды, бірақ ұяты бар адамның жанын ауыртады.
Вольтер айтыпты: "Адамдар өз тіршілігінде тәртіпке айналып кеткен кейбір қылықтарының ұят екенін сезінбейтін болып кетеді".
Ашумен басталған іс ұятпен тынады.
Шіркеуден попты сақалынан сүйреп сыртқа алып шыққан төңкерісшіл топтың ішінен біреу: Қайда құдайың? Бар болса бізге неге ештеңе істей алмай тұр,- десе, поп: саған осыдан басқа тағы не істеу мүмкін,- депті.
Абыройын жабу мен киім киюді адам бастапқыда әдеп үшін емес, суықтан, желден, жаңбырдан, күннен қорғанып жасаған, ұят адамға қажеттіліктен кейін келген сезім.
Фашизм идеологтарының бірі Геббельс: "Басыңды жоғалтудан қорықпа, бет-бейнеңді жоғалтудан қорық",- депті.
Аспанға тас лақтырма, төбеңе қайтып түседі.
Ағысқа қарсы жүзем десең, әуелі ойланып ал. Өзіңдікі жөн бе, күреске дайынсың ба, зерделеп көр. Қалыптасып, заңдылыққа айналып кеткен әдеттерді бұзамын деп талайлардың мойыны қайырылған.
Ешкімді қудалама. Құдай қудаланғандардың жағында болатынын ұмытпа.
Сенің алдыңда келе жатқандарға қаhарлы баға берме, өйткені сенің артыңда да келе жатқандар бар.
Сенің айтқаның ылғи дұрыс бола бермейді. Патша да, данышпан да қателеседі. Бала кезімізде біреу ұрды деп үйге жылап келсек, әкеміз: мені неге ұрмайды,- дейтін. Өмірде келіспеушілік кездессе алдымен өзіңнен көр, өзіңді ақтай алсаң ғана өзгені айыпта.
Адам табиғаттың бір бөлшегі. Сондықтан адамда тіршіліктен өліге айналған минералдардың, өсімдік әлемінің және жануарлардың мінезі болады. Мәселен, сіз ашуланшақ, қызғаншақ және сезімтал болсаңыз -сіздің жануарларға көбірек ұқсағаныңыз. Егер сіз романтик (қиялшыл, ерме) болсаңыз – өсімдік мінездессіз, егер сіз ұқыпты, қимылыңыз есептеулі, киім киісіңізге дейін тәртіпті, өзіңізге өзіңіз қатал болсаңыз, онда сіз минералсыз.
Т. Раушанұлы