Біз қанша білсек, сонша нәрсе қолымыздан келеді

Біз қанша білсек, сонша нәрсе қолымыздан келеді
Фото: egemen.kz

Құрметті жас оқырман! Сіздерге енді апта сайын Мырзагелді Кемелдің "Абзалдық әліппесі" кітабынан үзінділер жариялап отырамыз. "Атадан балаға қанмен тараған ақылдылық, байсалды мінезді тәжрибе мен білім толықтырса, төңірегіне нұр шашып тұратын азаматтар солардан шығады" дейді автор. Ендеше сіздің де болашақта еліміз игілігі үшін қызмет етер тұлға болып шығуыңызға септігіміз тиіп жатса құба-құп. Оқыңыз, пайдалы білімнен нәр алыңыз.

Білім

Білім адамның ішінен шығатын нәрсе емес, сырттан келетін нәрсе. Оқымай білімді боламын дегендер, тормен су алғысы келгенмен тең. "Біз қанша білсек, сонша нәрсе қолымыздан келеді. Сондықтан да білім  – күш",- депті ағылшын философы Френсис Бэкон

Өзен қайтсе үлкейеді? Өзіне келіп құйған бұлақтардың бәрін қабылдай берсе. Білімділік те солай, құр оқып қана қоймай, бойыңа сіңіре білсең ғана, білімдар боласың. 

VІІ ғасырда өмір сүрген Әзірет Әлінің ілімнің қақпасы аталып кеткенін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған, олардың бәрі Әзірет Әліге бір сұрақ: “Білім артық па, байлық артық па?", деп сұрайтын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана Әзірет Әліні мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әлі сұрақтарға былай деген екен: 

1. Білім артық, өйткені ол пайғамбарлардан қалған мирас, байлық бақылдардан қалған мұра. 

2. Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық. 

3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды көбейтеді. 

4. Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды, байлық жұмсасаң азаяды, білім артық болатыны осыдан. 

5. Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек. 

6. Білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады, білімнің артық болатыны сол. 

7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек. 

8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мал бүлінеді, сондықтан да білім артық. 

9. Білім артық, ол жаныңды байытады, байлық жан дүниеңді шектейді, өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін. 

10. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол, бірақ білімсіз адам байлығына мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық,– деген екен. 

Білімнің артықшылығын бұдан артық дәлелдеуге келмес. 

Т. Раушанұлы