- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Бірдей сұраққа екі...
Бірдей сұраққа екі түрлі жауап
Көшеде отырған қарттың жанына бір жігіт келіп былай сұрайды:
– Мен бұл жерге бұрын соңды келмеп едім. Айтыңызшы, ақсақал, мұнда қандай адамдар тұрады?
Ал қарт жігітке барлай қарады да, сұрағына сұрақпен тіл қатты:
– Ал сен келген қалада қандай адамдар тұрушы еді?
– А-а, ол жақта ма? Онда үнемі қабағынан қар жауып жүретін және өзінен басқаны адам құрлы көрмейтін халық тұратын. Сондықтан да мен ол қаладан қашып кеттім.
– Олай болса бұл қаладан да көретінің тура сондай адамдар болмақ, – деп жауап қайырды қария.
Біраз уақыттан соң бұл жерге тағы бір кісі келді де, қарияға тура жаңағы сұрақты қойды:
– Мен бұл қалаға алғаш келдім. Бұл қаланың тұрғындары қандай өзі? – дейді.
Қария да бағанағы қалпынан танбады:
– Айта қойшы, балам, сен тұрған қаланың тұрғындары қандай еді?
– Еее, оларды айтасыз ба? Олар деген нағыз қонақжай, мейірбан, жанашыр халық қой. Ол жақта қаншама достарым бар еді, қимай-қимай қоштасып келдім ғой.
– Олай болса бұл жақтан да тура сондай адамдар кездестіресің.
Бұл жағдайды сырттай бақылап тұрған бір кісі келіп:
– Неге бірдей сұрақ қойған екі адамға екі түрлі жауап бердіңіз?
– Жақсы адам да, жаман да барлық жерде болады. Тек әркім іздегенін табады. Жолынан кімді көргісі келсе, соны жолықтырады. Кімге мейірім көрсетсең, өзіңе де сол келеді.
@. @assel_assanova