- Негізгі бет
- Тәмсіл
- «Бір жылда үш...
«Бір жылда үш маусым бар» (Тәмсіл)
Бірде Кұң Зының (Конфуций) шәкірттері аула сыпырып жүріпті. Аулаға кіріп келген қонақ олардың бірінен: «Сен кімсің?», – деп сұрапты.
Шәкірт бала таң-тамаша қала: «Мен Кұң Зының шәкіртімін!», – деп жауап беріпті.
Қонақ: «Тамаша болды, мен сізден бір істің жөнін сұрайын деп едім», – деп жөнін айтыпты.
Шәкірт бала: «Жарайды!», – деп келісіпті. Іштей: «Сіз менен бір ғажап сұрақ сұрап, мені жаңылдырмақшысыз ғой», – деп ойлапты.
Қонақ: «Бір жылда қанша маусым бар?», – деп сұрайды.
Шәкірт ішінен мұны да сұрақ деуге бола ма деп ойлапты да: «Бір жылда төрт маусым болады ғой», – деп жауап берген екен.
Қонақ басын шайқап: «Жоқ, қателесесің! Бір жылда үш маусым болады!», – депті.
– «Сіз қателесесіз, бір жылда төрт маусым бар!»
– «Үш маусым бар!»
Осылайша екеуі бір байламға келе алмаған екен. Ақыры былай деп бәстесіпті: «Егер төрт маусым болса, қонақ шәкірт балаға үш рет бас иіп тағызым жасауы керек, ал үш маусым болса шәкірт қонаққа үш рет бас июі керек».
Кұң Зының шәкірті іштей масаттанып, бұл жол мен сөзсіз жеңіп тұрмын деп ойлап, Кұң ұстаздарына барып істің жөнін сұрауға дайындалады.
Дәл осы сәтте Кұң Зы да осы маңнан өтіп бара жатқан екен. Шәкірті: «Ұстаз, бір жылда қанша маусым бар?», – деп сұрайды.
Кұң Зы келген қонақтың өн-бойына бір қарап-ақ: «Бір жылда үш маусым бар!», – деп жауап береді.
Шәкірт баланың басы айналып кете жаздады, бірақ себебін қузай кетуге жүрексінеді.
Қонақ оған: «Дереу басыңды иіп тағзым жаса!», – деп бұйырады. Шәкірт амалсыздан басын иеді.
Қонақ кеткен соң шәкірті ұстазына барып: «Ұстаз, бір жылда төрт маусымның бары анық, сіз неге үш маусым бар дедіңіз?», – деп сұрапты.
Кұң Зы: «Сен жаңағы адамның өне-бойының жап-жасыл болып тұрғанын көрген жоқсың ба? Ол шегіртке тектес адам. Шегіртке көктемде туып, күзде өледі. Ол қыс деген маусымның бар екенін мүлде білмейді. Оған тек үш маусым бар десең ғана риза болады. Ал, төрт маусым жайлы онымен бір жыл тәжікелессең де жеңе алмайсың. Сенің есең кетіп бара жатса да, үндеме. Түк етпейді, өйткені оның түсінігін өзгерту мүмкін емес», – деген екен.
Түйін
Бұл оқиғаның шын болған-болмағаны белгісіз, бірақ оның адамдарға берері бар. Егер сіз өзіңізге жолыққан осындай адамдарға төрт маусымның бар екенін түсіндірмекші болсаңыз, өз ғұмырыңыздан он жыл кем жасауыңыз мүмкін.
Таласпасаңыз мейірімді, білімді адамсыз, білмесеңіз таза, көрмесеңіз еркін адамсыз, кешірім арылудың, парасат әр дүниені орынына қоюдың белгісі дүр.
Әрқандай жойдақсыз адам, әрбір келеңсіз іске душар болғанда осы «Үш маусым» оқиғасын есіңізге түсірсеңіз, оның істеген ісін ойлаңыз, дәл сол сәтте сіздің көңіл-күйіңіз орнығады.
Бұл әлем «үш маусымды адамдардан» аяқ алып жүргісіз екенін ұмытпаңыз.
Аударған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nipic.com
M. Auelkhan