Әлемді махаббат құтқарады. Қоғамның бүлінуі сүйіспеншілік, мейірімділік жоқтығынан туады. Сүйіспеншілік «Мен сені жақсы көремінмен» дәлелденбейді, іспен дәлелденеді. Оны әркім әртүрлі бағалайды.
Ал Марк Леви есімді француз жазушысының «Бір-бірімізге айтылмаған сөздер» («Те слова, что мы не сказали друг другу») кітабынан алынған мына үзіндіден ана мен баланың махаббаты көрінеді. Сөзімізден ісіміз жылдам болғаны дұрыс.
— Маған сүйіспеншілікті қалай үйреткің келеді? Аналық жылуыңмен жалғызсыраған жанымды жылытып па ең? - деп, қызы теріс қарады.
Анасы қызына жақын келіп:
— Қызым, кішкентай кезіңдегі оқиғалар есіңде ме? - деп сұрады.
— Иә, есімде. Жылы көрпе астында қолшаммен кітап оқитынмын. Сен соның бірін білмейтінсің, тіпті сұрамайтынсың да...
— Неге қолшаммен? Бөлменің жарығын жақпадың ба?
— Әдейі жасайтынмын: мені ұйықтап жатыр деп ойласын, менің кітап оқып жатқанымды білмесін деп тығылып жататынмын.
— Қолшамыңның күндіз-түні өшпегені қызық екен. Оның сиқыры неде? Ал кітап оқып жүргеніңді маған неге айтпадың?
— Мен неге айтуым керек?
— Осы жылдар аралығында қолшамың бір рет сөніп көрді ме?
— Жоқ!
— Себебі, саған қолшамның батареясын ауыстырудың қажеті жоқ еді...