Бөлтірік шешеннің айтқандары

Бөлтірік шешеннің айтқандары

Назарларыңызға Бөлтірік шешеннің ғибратқа толы тапқыр жауаптарын ұсынамыз.

Бала – артта қалған ізің емес пе?

Бөлтіріктің қартайған шағында ақыл сұрай келген бір жас жігіт:

- Ақ ата (Бөлтірікті жұрт осылай атаған), бақ кімге қонады? Бала ыстық па, байлық ыстық па? – дейді. Сонда Бөлтірік шешен:

- Қарағым, байлық – қолға ұстаған мұзың емес пе, бақ – ол да ұшқан бір құсың емес пе, бала - артта калған ізің емес пе?! Бәрінен жолдас-жораңмен, ағайын-туысыңмен, ел-жұртыңмен сіз-біз деп өмір сүргенге не жетсін. Осыларға жүрегің жылы болса, қайғың - құл, қуанышың - от! – дейді.

Ұры-қары деген екі ат қалыпты

- Іргелес ауылдың малын ұрлаудай-ақ ұрлаймын-ау, бірақ иелері із қуалап келіп, бәрін айдап әкетеді. "Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан" мен ұрламасам да, мал жоғалтқандар маған келе береді. Менде еш нәрсе қалмады ғой, – деп мұң-сырын ашыпты бір ұры Бөлтірікке. Бөлтірік шешен:

- Сенде әлі де талай-талай нәрсе қалған екен... – дейді. Аң-таң болған ұры:

- Ол не нәрсе, менде ешкімнің малы қалған жоқ еді ғой, - дейді. Сонда Бөлтірік шешен:

- Сенде "ұры-қары" деген екі атақ қалыпты, - деген екен.

Аппақ сақал қараңғыда айдай боп көрінеді

Бөлтірік ауылының бір кісісі ұрлыққа түсуін қартайғанша қоймапты. Ұрлық болғанда біреудің ұсақ-түйек бұйымын жымқырып кете береді екен. Бір күні түнделетіп көрші ауылдағы тойдан қайтып келе жатса, әлгі шал ұшырай кетеді. Оны танып қалған Бөлтірік:

- Түнделетіп неғып жүрсің? - десе, анау:

- Жәй, әшейін Бөлтеке, - деп қипақтайды.

- Арқалап алғаның не?

- Қауын, дарбыз еді.

- Оны қайдан алдың?

- Мына ауылдың қауыны пісіп жатыр екен, содан ала салдым.

- Ұрлап алғаныңыз жарамайды ғой, ақсақал.

- Қараңғы түнде кім көреді дейсіз.

- Аппақ сақал қараңғы түнде айдай көрінеді.

- Қап, мына сөзің өңменімнен өтті-ау, енді қойдым, қойдым! - депті шымбайына батқан шал.

Сол-сол екен, әлгі ақсақал ұрлық қылуын пышақ кескендей қойып кетіпті деседі ел.

Жарық дүниеге жалаңаш келген болатын

...Ауылдың төрт түлігі түгел өскен дәулетті адамы дүние салады.

- Бұ кісі жалғанды жалпағынан басып-ақ еді, міне, енді дүниеден бір кебінмен кетіп барады, - дейді көп ішінен біреу.

- Аз дүниемен кетіп бара жатқан жоқ, - дейді сонда Бөлтірік шешен. – Бұ кісі жарық дүниеге жалаңаш келген болатын.

«Үшеуміз»

Бөлтіріктің өзімен тұстас бір туысы оған кездесіп қалғанда мынадай әңгіме айтады:

- Түн ортасында бір атты адам үй тұсына келіп, «кім бар-ау, құдайы қонақпыз» деді. Нешеусің деп едім, «үшеуміз» деді. Үшеу болсаң басқа үйге барып қон, үйім тарлау дедім. Кетіп қалды. Кім болды екен деп артынан қарасам, бір-ақ адам екен. Сонда Бөлтеке, оның "үшеуміз" дегені несі? Бөлтірік ойланбастан:

- Ей, құрдасым-ай, - депті. - Ол адамның үшеуміз дегені - өзін, атын, тазысын айтқаны ғой, өзіме бір тостақ ас, атыма бір бау шөп, итіме бір сүйек болса жетеді, дегені еді, бекер қондырмағансың, "қонақ ақысы жолдан" дегенді білмеуші ме ең? – депті.

Дереккөз: Шешендік шиырлары кітабы

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: 24warez.ru

Н. Айдархан