- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Білім не үшін...
Білім не үшін керек?
Бір ұстаз дәріс оқып жатады. Сонда бір шәкірті:
– Ағай, бізге осының барлығы не үшін керек? – деп сұрайды. Сонда мұғалімі өзінің басынан өткен оқиғаны баяндап береді.
Мен бастауыш сыныптарда мектепті үздік бағамен оқыдым. Жетінші-сегізінші сыныптарға көшкен кезде өтпелі кезең болды ма, білмеймін, балалармен көшеде уақыт өткізіп, бос жүрген кездерім ұнай бастады. Сабағым да жайына қалды. Сонда анам мені шақырып алып, мынадай сұрақ қойды:
– Балам, сені өміріңнің соңына дейін не асырайды?
– Сендер барсыңдар ғой, анашым,– деймін.
– Жоқ,– деп басын шайқайды,– біз мәңгілік сенің жаныңда тұрмаймыз. Шайтан емес, пендеміз, бір күні бақилық боламыз.
– Онда ағаларым бар ғой,– деймін.
– Олар да мәңгілік емес. Біраз уақыт жаныңда болса да, бір күні өз отбасын құрады, бала-шағасының қамын көбірек ойлайды.
– Туған-туыстарым бар емес пе?– деймін тауып айтқандай қуанып кетіп.
– "Ағайын жоқ болса, бере алмайды, бар болса, көре алмайды" деген бар, балам. Оларға арқа сүйеуің еш жарамайды.
– Олай болса, ағаларым сияқты мен де өз отбасымды құрамын ғой. Алған жарым көмектеседі.
– Жұбайың саған емес, ер-азамат ретінде сен оған қамқор болып, жағдайын жасап, асырауың керек. Ал ақылың мен білімің болмаса, тіпті жақсы жарды да таңдай алмайсың. Қазірден жақсы оқып, ақылды болып, білім жинасаң, ағайындарың да саған үйір болады, бауырларың, олардың балалары да сенен келіп ақыл сұрайды. Мәңгілік серігім деп бас қосқан жарың да өмір бойы төбесіне көтеріп, сыйлап өтеді. Бедел де, байлық та, мансап та, абырой да сенде болады. Осының барлығына тек еңбектеніп білім алумен, ақылмен ғана жетесің, балам. Білімді бүгін алмасаң, ертең сен кімге керексің?!– деп өсиетін айтқан еді.