- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Бердібек — қазақтың...
Бердібек — қазақтың дара жазушысы
Бердібек Соқпақбаев (1924-1991) - қазақтың классик жазушысы, балалар қаламгері. Назарларыңызға Бердібек Соқпақбаев туралы айтқан Алаштың аяулы ақын-жазушыларының құнды ой-пікірлерін ұсынамыз.
Бердібек өз көзімен көрген нәрсені ғана жазатын, қағазды бекерден бекерге шимайламайтын еді ғой. Жазады, түбін түсіріп барып бірақ тоқтайды. Бұл Бердібектің шырайы, Бердібекке ғана тән қасиет.
Сайын Мұратбеков, жазушы.
Бердібек өзінің еңбегімен халықтың дара жазушысы атанды. Ол тәңірінің тумасынан, жаратылыстың болмысынан, өзінің талантымен де, болмысымен де халықтың нағыз жазушы ұлы болды.
Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстанның халық жазушысы.
Б.Соқпақбаев – бірінші жақпен жазуды мықтап меңгерген жазушы. Мұның өзі оқиғаға өмірде болған қилы-қилы құбылыстарға сенімділікті, жазушының нақтылы оқиғаға тікелей қатысын танытады. Бердібектің «мені» маған қан-сөлі тамып тұрған өмір, бәріміз тіршілік етіп жүрген жер бетіндегі үлкенді-кішілі адамдардың әрекеті, болмаса қуаныш-күйініші боп көрінеді.
Тахауи Ахтанов, жазушы.
Б.Соқпақбаев – қалам құтын, өнер дәулетін кітапханадан іздемей, қияметтей қиын қыспақты қытымыр тірліктің өзінен іздеген, іздегенін тапқан талантты жазушы.
Мұзафар Әлімбаев, Қазақстанның халық жазушысы.
Қаламгердің анық өсіп, шеберліктің белгілі бір биігіне шыққанын көрсеткен туындысы – «Менің атым Қожа» повесі. Қожа бейнесі – қазақ балалар әдебиетіне қосылған қомақты олжа. Оның еңсесі барған сайын биіктеп, Марк Твеннің Том Сойерімен, Аркадий Гайдардың Тимурымен, қазақ фольклорының Тазша баласымен таласпай-ақ, тіпті, солармен жетеғабыл жүргеннің өзі әдебиет үшін аз бедел ме?
Қастек Баянбаев, ақын.
Ж. Исакаев