Өнер, руханият саласында қызмет жасайтын ел ағалары заман талабына ілесіп, интернет бетінде өз ізін қалдыра бастады. Соның ішінде актер Бекжан Тұрыстың салиқалы әңгімесін жұрт ұйып тыңдайды. Әлеуметтік желілердегі жазған салмақты ойларын сүйіп оқиды. Қазірде дарынды актердің instagram желісіндегі ресми парақшасында 4,293 оқырман бар. Желіге өткен жылдың желтоқсан айында тіркелген екен.
Біз де өз кезегімізде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, "Астана" алқасының, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының иегері Бекжан Тұрыстың жақсылыққа үндейтін үздік тәмсілдерін интернет бетінен жинап, ұсынуды жөн көрдік. Ораза айт кезінде айтылатын ғибратты әңгімелерді сіз де оқыңыз.
***
Бiреу бiр құсты ұстап алыпты.
- Мен бостандықта болсам сенiң керегiңе жараймын, менi босат, мен саған үш пайдалы кеңес беремiн. Және бiріншi кеңестi менi босатпай тұрып берейiн, - дептi құс. Әлгi адам бiрiншi кеңесiн сұрапты.
- Егер сен бiр нәрсе жоғалтсаң, ол саған қаншалықты қымбат болса да, оған өкiнбе. Құсты босатқан соң, ол бұтаққа қонып тұрып екiншi кеңесiн айтыпты:
- Ақылға сыймайтын және дәлелi жоқ сөзге еш уақытта сенбе!
Содан кейiн құс ағаштың басына қонып:
- Менiң бөтегемде екi үлкен гаухартас бар едi. Егер сен менi өлтiрiп, сойғаныңда соны алатын едiң. Ендi одан айырылып қалдың, - дептi. Адам басын қос қолымен ұстап, өкiнiшке түсiптi.
- Ендi үшiншi кеңесiңдi айт, - дептi құсқа.
- Ақымақсың, адам! - дептi құс. «Менiң екi кеңесiмдi ойланып алмай, үшiншi кеңесiмдi сұрайсың. Бiр нәрсе жоғалтсаң өкiнбе және ақылға сыймайтын, дәлелi жоқ сөзге сенбе», - деп едiм, ал сен сол сөздердiң байыбына бармай, өкiнiшке ұрындың. Менiң кiшкентай ғана бөтегеме екi гаухартас қайдан сыйсын. Оны мен саған берген кеңестерiмдi қаншалықты ұғынғаныңды бiлейiн деп айтқан едiм. Сондықтан ендi саған ешқандай кеңес бермеймiн. Сен өз мүмкiндiгiңнiң шеңберiнде әрi қарай өмiр сүре бер. Қош, - дептi де ұшып кетiптi. Әр адамның бiлiмi болғанмен ақылы болмаса, өте қиын.
***
Үстi-басы кiр, қарны аш, халi нашар, кiшкентай қыз көшеде отырып, өтiп бара жатқандардан ақша, болмаса қарын тойдыратын бiр нәрселер тiлеп отырды. Өтiп бара жатқандардың арасында жас, қарны тоқ, үстi таза бiр ер бала да бар едi. Қызды көргенiмен, артымнан ақша сұрап мазамды алар деп көргенiн бiлдiртпеу үшiн ол жерден кетуге асықты. Ол үлкен және сәулеттi үйiне, бақытты отбасының қасына келгенде, оны әдеттегiдей әдемi жайылған, әртүрлi тамаққа толы дастархан күтiп тұрды. Бiрақ оның ойы көшеде көрген қызға қайта қайта орала бердi. Тынымсыздығының себебiн түсiнбей, ең оңай жолды тауып барлық өкпесiн Құдайға бағыттайды.
Бекжан Тұрыс Шәкәрім Құдайбердіұлының рөлінде
«Осындай кiшкентай қыздардың осыншалықты жаман күйде жүргенiне, ата-анасыз қалғанын қалайша көрмей жүр?! Неге көмектеспейдi?! Неге олардың далада қайыр тiлеп отыруына жол бередi?! Неге бiр нәрсе жасамайды?!» деп iшiнен күрсiнедi. Сол сәтте жүрегiнiң түбiнен сол сұрақтардың жауабын естидi: «Жасадым. Сенi жараттым!». Жақсылықтан басқаның бәрi жалған. Сондықтан, ағайын, жарылқаушы айда қолдан келгенше жақсылық жасайық. Жетiм мен жесiрге бұлақ, жоқ-жiтiкке шырақ болайық!
***
Түркияның бiр актрисасы Голливудқа барыпты. Өте көрiктi, ерекше жаратылған жан болса керек. Голливуд оны қуана қабылдайды. Бiрақ ол фильмге түсуден бас тартып, елiне қайтады. Сондағы себеп, сценарий бойынша бiр эпизодта әлгi сұлу кеудесiн жарқырата ашып жiберуi керек екен. Ал Голливуд актерiлерiнiң бiрi бiрнеше секунд оның кеудесiне "тұмсығын тыға" тұруы керек екен. Сонда әлгi түрiк қызы не деген дейсiз ғой. "Мұндай арсыздықа Шығыс дәстүрi, халқымның тәрбиесi рұқсат етпейдi" дептi. Oған Голливуд миллион ұсынады. Ал ол "5 миллион болса да, қалталарыңа салып қойыңдар" дейдi де, дереу билет алып Түркияға ұшып кетедi. Кейiннен осы маселе Түркия Парламентiнде сөз болып, әлгi актрисаға айтарлықтай ақша берiлiптi. Мiне, ұлттық намыс деген осы. Ал бiзде ше? Жартылай жалаңаш, орыс киносы мен клиптерде жүрген актриса-сымақтарымыз ақша үшiн ұлтын сатуға дайын.
***
Харун әл-Рашидтан ғұлама дана Шақиқи Балхи сұрапты:
- Бiр шөлде адасып кетсеңiз, сол кезде келiп бiр тостаған су сатпақ болғанға қанша берер едiңiз?
- Қанша қаласа да берер едiм.
- Сол су үшiн байлығыңның жартысын сұраса ше?
- Берер едiм.
- Сол суды қанғаныңша iшкен соң зәр сындыру керек болып, оған шамаң келмей жаның ауырып, өлiм халiне жетсең, сол кезде бiреу келiп:
- Қалаған байлығыңды берсең бұл дерттен емдеп жазамын десе не дер едiң?
Бекжан Тұрыс Қожанасыр рөлінде
- Қалаған байлығымды ризалықпен беруден басқа амалым болмас едi.
- Олай болса, аузымен iшiп, артынша зәр ғып сыртқа шығаратын бiрер жұтым су құрлы бағасы жоқ байлығыңа сенiп астамсып масаттанатын, дүние-мүлкiңдi айтып мақтанатын қандай жөнiң бар, тақсыр? - дептi ғұлама.
... Адамшылықтың негiзгi тiрегi – рақымшылық, мейірiм. Бiреуге жаны ашып, жәрдем қылмай өткен адам құлаған бiр бәйтерек емес пе? - дейдi Шәкәрiм. Қолдан келгенше жарылқаушы айда жақсылыққа жақын болайық. Артық ақшаны казиноға емес, зекет етiп бергенiмiз абзал болар.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Бекжан Тұрыстың instagram парақшасынан