Басқаның қолшатырын қалқалағандар

Басқаның қолшатырын қалқалағандар
Фото: DesktopWallpapers.ru

Сәл жаңбыр тамшылары тырсылдай бастаса, адамдар бірден қолшатырын төбесіне тоса қояды. Ал ауа райы болжамынан хабары жоқ бейқам жандар өзімен бірге қолшатырын алып жүрмеген соң, айналасына жалтақтап, қолшатырлы қорған табуға тырысады, яғни кімде қолшатыр болса, жанына жармасып, сәл де болса жаңбырдан жасырынғысы келеді. Алайда ол қолшатырдың жиегінен аққан тамшы әсерінен қорғанам деген ойынан бетер су болады.

Бұл тәмсілден жаңбыр астындағы жандар ғана емес, өмірдегі жанаяр адамдарды да көруге болады. Өз бетімен еңбектенуге жігері мен қайраты, батылы мен ақылы жетпеген соң, бай-бағландарды жағалап, солардан қамқорлық күтетін пенделер де бар. Олар ең соңында тақырға отырып, бармақ шайнап қаларын сол сәтте түсінбейді. Жоғарыдағы тәмсілге қайта оралар болсақ, жауын тоқтап, қатулы қара бұлттың ар жағынан күлімдеген күн шығары анық. Сол секілді бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, келешектен үмітіңді үзбей еңбектене берсең, кез келген кісінің айы оңынан туатын күн болады. Күте білу керек, талпыну қажет, талмау шарт.

@. @assel_assanova