- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Барлық адам тәтті...
Барлық адам тәтті шағын ұмытып қалады
«Кішкентай ханзада» шығармасы – тұнған пәлсапа. Көпшілік атауын оқып кішкентай ханзаданың басынан кешкендері сөз етілетін болар, балаларға арналған ертегі деп ойласа керек. Шындығында, бұл шығармада әлемнің барлық тұрғынына қатысты ойлар айталады.
Француз жазушы Антуан де Сент-Экзюперидің үлкендерге арналған балалар ертегісі 1943 жылы жарық көрген. 70 жылда әлем тұрғындары алтын шашты баланы танып, нақылға толы шығармамен сусындап келді. Шығарма 180 тілге аударылған, оқиға желісі бойынша фильм де түсірілген, әуен де жазылған. Бүгін сіздердің назарларыңызға шығармадан алынған дана ойларды ұсынбақпыз. Астарлы нақылды бірге шешейік.
«Жерде өскен шөптің арамшөп екенін білсеңіз, дәл сол кезде тамырымен қоса жұлып алу керек».
Антуан де Сент-Экзюперидің ойында ғаламшар дегеніміз – адамның жан дүниесі, ал арамшөп дегеніміз – оның жағымсыз ойлары, жаман әдеті. Жаман әдетті «дәнімен» қоса жұлып алып тасту керек. Арамшөп жерде қаптап кетсе, жаман ой да адамның санасын жаулап, бойына сіңіп кетеді.
«Көбелектермен танысу үшін 2-3 дернәсілмен кездесуім керек».
Автор астарлы оймен көп нәрсені жеткізгісі келеді. Біз адамдарға сырттай және бір-ақ уақытта баға бере саламыз. Көбелек дернәсіл кезінде түрсіз болса да, кейін ұшып жүрген гүлге айналады емес пе? Оның әдеміге алмасуы үшін уақыт керек, солай емес пе? Адамды да танып білу үшін уақыт керек екен.
«Ол менің жанарымнан сырғанап бара жатқанда қалай кері қайтаруға болады, ол мені естуі үшін не істеуге болады? Ол – жас, жас ғаламы».
Өзгенің қайғысын түсініп, оған қолдау көрсету өте қиын. Біреуді ренжітіп, одан кешірім сұрағанда да қиын. Өйткені, жанардан аққан жасты қайтару мүмкін емес. Себебі, жас ғаламынан шыққан «тұрғындар» айдан қайтып келген ғарышкерлер секілді емес. Олар кері қайта алмайды.
«Барлық адам бала болған, тек көпшілігі тәтті шағын ұмытып қалады».
Бала – ғажап. Балаларға дұрыс ойлауды үйреткенге дейін олар қиялға толы ойларды тізіп қояды. Ересек адамдар бала «ғаламшарының» пәк әрі ғажапқа толы екенінен бейхабар келеді. Олалрмен өз тілінде сөйлескісі келеді. Өзінің бір кездері бала болғанын есіне де алмайды. Бұл, әрине, дұрыс емес. Антуан де Сент-Экзюпери осы шығармасында баланың балалығын сақтау керектігіне екпін қояды. Балалығын жоғалтпаған әрбір бала арманына жете алады.
«Сөздер адамдардың бір-бірін түсінуіне кедергі келтіреді».
Әлемдегі адамдар күніне миллиардтаған сөздер айтады. Олардың басым көпшілігі – түкке қажеті жоқ әрі бос сөздер. Бірақ, әлем құрылысы әу бастан-ақ қарым-қатынасқа құрылған. Дыбыс, буын, сөз, сөйлем, мәтінсіз қарым-қатынас та болмайтын еді. Алайда, сөздің парқын түсіну керек. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елді бұзады» демекші, өзімізден шыққан сөзге өкініп жатамыз. Бәрін үнсіздікпен шешуге болмас па еді деп те ойлаймыз. Ойлағанмен не керек, өзіміз іске айналдырмасақ...
Жалғасы бар...
Г. Берік