Ауылда бір сымбатына ақылы жарасқан жігіт бар еді. Ол осы төңіректегі ең сұлу қызға ғашық болды. Ол қызға ауылдағы бар жігіт ынтық болатын. Ал қыз болса, өз көркіне мәз болып, ешкімге көңіл бөлмеді.
Жігіт батыл да өжет сарбаз болғысы келді, бар әскери киімін жалтыратып кіріп келген кезде, оны көрген сұлу қыз жары болуға бірден келісер деп ойлады. Сөйтіп ол қалаға барып, сарбаздық қызметке кіріседі. Уақыт өте ол офицер болды, ұрыс-соғыстарда ерлік көрсетіп, көзге түсті, содан есейіп, ауылына батыр болып оралды. Ал қыз болса оған бет бұрған да жоқ, әлі ешкімді таңдаған да жоқ еді.
Енді жігіт бай-бағлан болғысы келді. Сөйтіп қызға қымбат-қымбат сый жасаса, ол бай жігітті мойындамай тұра алмас деп ойлады. Содан ол жігіт бір көпестің қарамағына күзетке тұрып, одан сауда-саттық жасап, баюды үйрене бастады. Көп ұзамай ол жеке кәсіпкер болып шықты, әбден байыды, сөйтіп туған ауылына сыйлы көпес болып оралды. Қыз болса оның берген сыйлықтарына мән берместен, басқа да сый-сияпаттарға жеңіл қарады.
Енді жігіт бойына даналықты жиып, ойшыл болғысы келді. Сөйтіп ол бар байлығын отбасына тастап, ақыл іздеуге әлемге саяхатқа аттанды. Бірнеше жылдан соң ол туған ауылына дана кісі болып оралды. Бірақ ол бұл жолы қыз үйіне барған жоқ. Ол өзінше, шамасының жеткенінше халқын тура жолға шақырып, даналығын жаюмен болды.
Біраз уақыт өтті. Қыз болса өз сұлулығын бәрінен жоғары қойып, әлі тұрмысқа шыққан жоқ. Күн өткен сайын айна байғұс қыз ажарының кеміп бара жатқанын көрсетіп жүрді. Бас имес тәкаппарлық адамдарды үркітіп, кәрі қызға ешкім үйленгісі келмеді. Жалғыз өзі қалған қыз, дана кісі алдына келіп, мені әйелдікке ал деп жалынды. Әулие кісі келісті. Жұрт шулап кетті:
– Неге сен осы бір тәкаппар, кәрі қызға үйленбексің? Ол онсызда кезінде сені менсінбей, талай рет бетіңізді қайтарған,- деді.
Әулие кісі:
– Мен егер осы әйел болмағанда, ешқашан мұндай дәрежеге жете алмас едім,- деді.