Бірде бір бизнесмен теңіз жағасында кішкентай қайықпен балық аулап отырған балықшыны бақылап тұрды. Балықшы бір үлкен балықты аулап алды да жағаға шықты. Екеуінің арасында мынадай әңгіме жүрді.
– Мұндай үлкен балықты аулау үшін қанша уақыт керек?– деп сұрады кәсіпкер.
– Шамамен екі сағаттай уақыт кетер,– деді балықшы.
– Неге сен біраз отырып, осындай балықтан тағы бірнешеуін ұстамадың?
– Менің отбасыма осы балық ертеңге дейін жетеді.
– Енді қалған уақытыңда немен айналысасың?
– Мен әдетте түске дейін ұйықтаймын, одан соң бір-екі сағат балық аулаймын, содан соң балаларыммен ойнаймын, отбасыммен түскі ас ішіп, аздап демаламын, ауылды бір мезгіл аралап, қыдырып шығамын, сосын достарыммен гитара тартып демаламын. Көрдіңіз бе, мен өмірден ләззат алып жатырмын.
– Ал мен Гарвард университетінің түлегімін,– деді бизнесмен, – Мен саған көмектесейін, сен дұрыс істеп жүрген жоқсың. Сен алдымен күні бойы балық аулауың керек, сосын сол балықтарды сатып, ақшасына бұдан үлкен қайық сатып аласың.
– Содан соң?– деді балықшы.
– Содан кейін сен бұрынғыдан да көп балық аулайсың, ақшасына бірнеше қайық сатып аласың. Кейін, тіпті кеме сатып алсаң да болады. Содан бір күні кемелерің көбейіп, сенің өз флотың болады.
– Оның бәрін не істеймін?
– Сосын, аулаған балықтарыңды ортадағы саудагерге емес, тікелей балық зауытына өткізесің. Сөйтіп табысың бұрынғыдан бетер көбейеді. Сосын өзіңнің балық өнімдерін шығаратын фабрикаң болады.
– Содан соң?
– Одан кейін сен мына кішкентай ауылды тастап, үлкен қалаға көшесің. Бір күні сен үлкен кеңсе ашып, сонда Бас директор болып отырасың.
– Сонда мұның бәріне қанша уақыт кетеді?– деп сұрады балықшы.
– 15-20 жылдай боп қалар,– деп жауап берді бай бизнесмен.
– Одан кейін не болады?
– Содан соң,– деп бизнесмен күліп жіберді, – сосын ең жақсы уақыт басталады. Фирмаңды басқа біреуге сатып адам айтқысыз байып кетесің.
– Одан соң не болады?
– Сосын сен жұмыс істемейсің, теңіз жағасындағы шағын ғана бір ауылға көшіп барып, түске дейін ұйықтайсың. Сосын аздап балық аулап, балаларыңмен ойнап, отбасыңмен түскі ас ішіп, демалып, сосын бір мезгіл ауылды аралап, қыдырып, сосын достарыңмен гитара тартып ойнайсың,– деді бизнесмен.
– Әй, оның бәріне 15-20 жыл жіберудің қажеті қанша, мен қазір-ақ соның бәрін істеп жүрмін ғой,– деді балықшы.