- Негізгі бет
- Тәмсіл
- "Баласын гигиена талаптарына...
"Баласын гигиена талаптарына сай тәрбиелемеген ана – болашақ алдында кінәлі"
Қадірлі оқырман, бұл аптада біз назарларыңызға Мырзагелді Кемелдің "Абзалдық әліппесі" кітабы бойынша, денсаулыққа қатысты тәмсілдерін жариялап отырмыз.
Амандықта қадір жоқ,
Алдырған соң білерсің.
Денсаулықта қадір жоқ,
Ауырған соң білерсің,- деген жыраулар сөзінде. Сол айтқандай, жастықта өзіміз қадірін біле бермейтін бір нәрсе – деннің саулығын күту. Шопенгауэр айтқандай: "Денсаулық – ең ұлы қазына, басқалар оның алдында ештеңе де емес",- дегендей, деніміз сау, өзімізді күшті сезінген кезде бізге де бір күні кәрілік пен кесел жетеді деп ойлай бермейміз.
Америкалықтар Ауди мен Данн төрт мың адамды зерттеп, солардың 10 пайызы ғана дені сап-сау, 30 пайызы – ауру, қалған 60 пайызы – білінбей өршіп келе жатқан кесел иелері екенін анықтаған.
Осынау заманда тәніңді аурудан қорғап қалудың мүмкіндігі бар ма? Жоқ-ау сірә. Адам жағдаяттар мен жайсыздықтарға төтеп бере алатын болуы керек.
Қоғамды салауатты ұстау үш нәрсе арқылы жүзеге асады: Әлеуметтік-экономикалық даму, қоршап тұрған ортаны таза ұстау арқылы ауруға қарсы күрес адамның қартаймауы үшін молекулярлық-гендік деңгейдегі медициналық күрес, ең негізгісі - адамның өз денсаулығына ұқыптылықпен қарауы. Қоғамды салауатты ұстау үш нәрсе арқылы жүзеге асады: Әлеуметтік-экономикалық даму, қоршап тұрған ортаны таза ұстау арқылы ауруға қарсы күрес адамның қартаймауы үшін молекулярлық-гендік деңгейдегі медициналық күрес, ең негізгісі – адамның өз денсаулығына ұқыптылықпен қарауы. Өз уақытында Мечников айтқандай: "Баласын гигиена талаптарына сай тәрбиелемеген ана – болашақ алдында кінәлі".
Менің сүйікті дәрігерім Николай Амосов: Бүгінгі заманғы медицина емдеуді жақсы-ақ меңгерген, бірақ сап-сау етіп жібере алмайды",- деген. Демек ауырмай тұрып саулықты сақтаған жөн.
Қара жұмыстан шаршасаң, шаршағаның 3-4 сағатта басылып кетеді, ал жүйкең шаршаса қалпына келу үшін ең болмағанда екі апта керек. Сол себепті ой еңбегінен шаршаудан абайла. Дәрігер-психотерапевт Введенский ой еңбегімен айналысатындардың денсаулығына нұқсан келтірмей еңбек өнімділігін арттырудың алты шартын айтады:
1. Жұмысқа біртіндеп кірігу;
2. Жұмыстың тәртібі және қалыптылығы;
3. Жұмыстың ұдайы және ретті орындалуы;
4. Еңбек пен демалыстың алмасып тұруы;
5. Қоғамның сіздің еңбегіңізге жылы көзқарасы;
6. Ұдайы шынығу және жұмысқа қалыптасу. Ақыл және мінез гигиенасы.
Амосов адам организмі денсаулығын қалпына келтіруді кез келген нүктеден бастап қайтарып алуға қабілетті деп сенеді. Сонда да уақыт өткізіп, әдеттеніп алып қиналғанша ертерек бастаған жақсы. Жігерсіздік, уайымшылдық, кінәмшілдік - мінездегі ауруға тікелей бастап баратын міндер. Сол міндердің ішіндегі бүгінгі біздер үшін қиыны ішімдікке мойынсұнған. Сөйтіп жігерсіздік таныту.
Зерттеуші В. Шепельдің дәлелдеуінше, адамға мынадай "гигиеналық үштікті" сақтау шарт:
1. Еңбек гигиенасы: қатты шаршамау, күндік кесте және тамақ тәртібін сақтау;
2. Байланыс гигиенасы: адамдармен сөйлесу мәдениетін сақтау, жақсы көңіл күймен жүру;
3. Жеке гигиена: өз тәнің мен жаныңның саулығын бақылау.
Мамандар адамдардың күнделікті тіршілігі мынадай ең төменгі дәрежедегі талапқа сай болуына үндейді:
- күніне 4-6 рет гимнастикалық үзіліс;
- күніне 6-7 рет жаяу жүру;
- бір күнде 2000 калория қуат жұмсау /ол өмірді 28% ұзартады/;
- дұрыс тыныс алу, соған тиесілі жаттығуларды жасап тұру;
- күніне екі рет 5-ші қабатқа дейін шығып түсу /Н.Амосовтікі/.
Айтулы балерина Майя Плисецкая айтады: "Кім көп жұмыс істесе, соның күші көбейеді. Егер мен бір күн жұмыс істемесем оны өзім сезінемін, екі күн жұмыс істемесем әріптестерім сезіп қояды, үш күн істемесем жұрттың бәріне көрініп тұрады" - дейді.
Менің ең алғашқы жазу дәптерлерімнің бірінде, 1960 жылғы, Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жарғысынан алынған мынадай сөздер бар екен: "Здоровье является состоянием полного физического, душевного и социального благополучия, а не только отсутствия болезни или физических дефектов". Осы сөздер маған мынаны ұқтырды:
1. Денсаулық тек ауырмау деген сөз емес.
2. Денсаулық менің өз шаруам ғана емес.
Өзіме де, әйеліме де, балаларыма да, туыстарыма да, қоғамға да мен денім сау болса керегірекпін. Сондықтан өз денсаулығым үшін күрес – қоғамның денсаулығы үшін күрес.