Бақыт

Бірде данагөй қарт табиғаттың тамашасына сүйсініп, айналасындағы қызыл-жасыл түстерге тамсана қарап тұрады. Кенет осынау кереметке мойын бұрып қарауға мұршасы жоқ әлдебір ер адамның иығына ауыр жүкті арқалап, аяғы дірілдеп әрең кетіп бара жатқанын байқайды. Қара жұмысқа жегіліп, әбден азып-тозып, шаршағаны түрінен-ақ көрініп тұр. Бейтаныс жанды тоқтатқан қарт:

— Мұндай ауырды көтеріп, өзіңді сонша неге қинайсың? – деп сұрайды.

— Қанша қиналсам да, балаларым мен немерелерім ештеңеден таршылық көрмей, бақытты өмір сүрсе екен деймін, – деген әлгі адам: – Менің арғы атам атамның бақыты үшін өзін ауыр жұмысқа салып, аянбай еңбек еткен. Өз кезегінде атам әкем үшін, ал әкем менің бақытым үшін дәл солай тер төккен. Кезек менде! Мен де өз балаларымның бақыты үшін қолымнан келгенінше аянбаймын, – деп сөзін аяқтайды. Жарлының сөзін бөлмей тыңдаған данагөй ақсақал:

— Ал отбасыларыңда бақытты біреу болды ма сонда? – деп сұрайды.

— Әзірше жоқ, бірақ балаларым мен немерелерім бақытты болатын шығар! – деген жарлының дауысы да арман мен үмітке тола шықты...

— Өкініштісі, өзі сауатсыз адам өзгеге кітап оқып, хат таныта алмайды. Ал жердегі көртышқан ешқашан биіктегі қыран құсты тәрбиелей алмайды! – деп терең күрсінген ақсақал сөзін ары қарай жалғап: – Алдымен өзің бақытты болуды үйрен. Тек сонда ғана балаларыңа бақыт дегеннің не екенін көрсетіп, оларды да бақытты ете аласың. Ал бұл – балаларыңа жасаған сенің ең үлкен сыйлығың болмақ, – дейді.

Бақыт байлықта емес! Бақыт барды бағалай білуде!

www.anabol.kz