Бірде бақа балықшының балыққа бармақ болып жауынқұрт алып жатқанын көреді. Сосын балықтарға барып ескерту жасайды: "Қазір адам деген балықшы келіп суға жауынқұрт тастайды. Егер оны жемек болып ауыздарыңа салсаңдар оның ішінде жасырылған қармақтың инесі ұрттарыңды тесіп шығып, құтыла алмай қаласыңдар," - деді. Мұны естіп тұрған балықтар шошып кетті. Кейбір балықтар бұған сенбестен, бақаны мазақ етті. Бір балық "сосын не болады" деп сұрады.
– Сұмдықтың бәрі сосын басталады, - деді бақа. Сосын су жоқ жерде су іздеп ауыздарыңмен ауа қармап, тыпырлап, шелек ішінде біріңнің үстіңде бірің жатасыңдар.
– Е-е, сұмдық деген сол екен ғой,-деді бір балық.
– Жоқ, сұмдық сосын басталады, үйіне апарып, бәріңнің мына тиындарыңды өткір пышақпен қырнап тазалайды. "Астапыралда!" – деді балықтар.
– Ол да ештеңе емес, сосын сол өткір пышағымен кеңірдегіңнен бастап құйрығыңа дейін жарып, желбезегіңнен бастап ішек-қарын, торсылдақтарыңның бәрін суырып алып, иті мен мысығына береді.
– Мынау масқара екен,-деді балықтар. – Масқара содан кейін болады. Сосын еттеріңді пышақмен іреп-іреп, тұз себеді. – Бұл нағыз жауыздық қой! – Жауыздықтың көкесі сосын болады. Енді табаға өсімдік майын құйып қыздырады да, тұздалған еттеріңді сол қызған майға салып қуырады.
– Сонда неміз қалады, бұл енді шектен шығу ғой! – Сосын майға қуырылған еттеріңді дастарханға әкеліп, сүйсініп жеп алады. Сүйектеріңді ит пен мысығына немесе қоқысқа тастап масқаралайды. Бұның бәрін тыңдап тұрған балықтар бақаға:
"Айтқандарың масқара екен. Сөзіңді немен дәлелдейсің?" - деп сұрады.
Бақа: "Немен дәлелдейін, бұл айтқандарым сендерге белгісіз құрлықта болады. Мен екі мекенде де жүре беретін болған соң сендерге көргенімді айтып ескертіп жатырмын,"-деп жауап берді. "Мұның бәрі жәй ғана ертегі" деп күмәнданған бір балық барып жауынқұртты аузына салғаны сол еді, су асты апыр-топыр болды да, балық судан шығып, ғайып болды...