- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Айтыста айтылған айшықты...
Айтыста айтылған айшықты сөздер
Ертеден келе жатқан ең ерекше өнерлеріміздің бірі - айтыс. Ол - қазақ ауыз әдебиетінде саны жағынан да, сапасы жағынан айрықша орын алады. Бүгінгі таңда да атадан қалған асыл мұрамызды, ақсүйек өнерімізді одан әрі дамытып, үлес қосып келе жатқан айтыскер ақындар өте көп. Олардың айтқан әрбір сөзі - мірдің оғындай. Ендеше біз сіздердің назарларыңызға шындықты шырқыратып, бірдің емес, бүкіл елдің атынан сөз сөйлеп, қалың көпшіліктің көңілінен шығып жүрген айтыс ақындары айтқан өлеңдерден үзінділер ұсынамыз.
1. Жақсылар аспандағы ай секілді,
Кей жаман - бас білмеген тай секілді.
2. Жаманменен ойнасаң - көңіл азар,
Жақсыменен ойнасаң - күнде базар.
3. Жаман сөз - жақсы адамға мін-ді дейді.
4. Екі асыл жарасады дүр тасындай.
5. Жай білмейтін жаманға болма құмар.
6. Жақсы адам жайды білген сынамайды.
7. Базарда зер қадірін - зергер білер,
Ерлерді ақылы зерек - ерлер білер.
8. Қыздан сорлы бар ма екен -
теңін тауып бармаған.
Ұлдан сорлы бар ма екен -
сүйгенін таңдап алмаған.
9. Сөз айтпа ақпа құлақ надандарға.
10. Бас қоссаң білімдімен - ол бір заман.
11. Жақсылар жаманды еске санамайды.
12. Жақыннан жақсы туса жанға сая.
13. Жақсы менен жаманның жаны бірдей.
14. Жақын алыс болады - жүрмеген соң,
Мейрам қызық болмайды күлмеген соң.
15. Кей адам -әлдеқандай көреді өзін,
Надан адам - білмейді айтар сөзін.
16. Бұзады уәдені осал адам.
17. Екі жақсы бас қосса бақ табады.
18. Кейбір терек кеспей-ақ жығылады,
Кейбір адам - жау келмей тығылады.
19. Бір-біріне жақсы адам өш болмайды.
20. Жақсы ат пен тәуір киім - ерге лайық.
21. Жігіттің жиырма бесі - сара жасы.
22. Арасы жаман-жақсы - жер мен көктей.
23. Ойлайды асыл адам - сабырлықты,
Ойлайды жаман адам - жәбірлікті.
24. Ер жігіт қор болмайды талаптанған.
25. Жаманға жолдас болсаң - күнде кейіс,
Дау болар арадағы алыс-беріс.
26. Жаныңа жаман болсаң - жан жуымас.
27. Жігітті абыройлы әр уақытта,
Жүреді әр нәрседен құдай сақтап.
28. Мойнында бір адамның - қырық парыз.
29. Жүйріктен - жүйрік туар шығандаған,
Сұлудан - сұлу туар сылаңдаған.
30. Ұятты иманындай күткен келін,
Халқына қалаулы боп атанады.
Ж. Исакаев