- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Ат басындай алтынды...
Ат басындай алтынды қара тасқа айналдырған бала
Әкесі мен баласының арасында өрбіген шағын ғана әңгіме сізді бір сәт ойлантпасқа қоймайды. Расында, адам баласының өзі тойса да, көзі тоймайды. Дүниеқорлық туралы тәмсілді оқып, өзгеше ой түйіңіз!
Ертеде бір байдың ат басындай алтыны бопты. Сараң бай алтынды бала-шағасының игілігіне жұмсауға қимапты. Ол ауық-ауық жасырынып барып, алтынның бар-жоғын тексеріп тұрады. Жүрегі орнына түскен соң алтынды киізге орап, қайта көміп, үйіне оралады. Бір күні баласы жасырынып барып, әкесінің алтынын көріп қояды. Ертеңіне баласы қазынаны қазып алып, зергерге сатып, ақшасына медресе салдырып, жалпы жұрттың игілігіне жұмсап жібереді. Ақылды бала алынған алтынның орнына дәу қара тасты киізге орап, көме салады. Әкесі алтынды тексеруге тағы барып, киізді ашып қараса, ішінде алтын емес зілдей қара тас жатыр. Әкесі ойбайлап, жер сабап, өкіріп жылап жібереді. Сонда соңынан ілесіп келген баласы әкесінің арқасынан қағып: “Әке, жыламаңыз. Жаратып жұмсағанға алтын жақсы, киізге орап көміп қойғанға қара тас та жарай береді”, - деп жұбатыпты.
Ж. Жұмағұлов