- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Асқар Cүлейменовтің афоризмдері...
Асқар Cүлейменовтің афоризмдері
Белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің елдік, ұлтжандылық, адамдық туралы айтқан афоризмдерін назарларыңызға ұсынамыз.
* Есесін жіберген ел - ел емес.
* Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, - ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.
* Ел ділімен танылмақ.
* Ұлтжандылықты ауаның деңгейіне көтерген үш халық болса, екеуі - француздар мен поляктар, екі халық болса - тағы сол екеуі. Ұлтшылдықпен тыныстау олар үшін табиғи нәрсе. Парижде қайтқан Шопеннің жүрегін Варшавадағы шіркеуге мирас қылғаны ұмыт қалмайды.
* Қит етсе болды америкалап шыға келетін аура етек алды. Бұл өзі мегежіннің інгенмен бой салыстырғанындай.
* Кісілігін жоғалтпаса - жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады.
* Ұяла алмаған - тірі өлік.
* Адамның адамдығын - оның басқаға, басқаларға шын зәрулігімен өлшеуге болады.
* Бұл ғаламда тұзақты да, тұсау-тұсамысты да туабітті танымасқа жаралған біреу бар: ол – адам.
* Даусызға дауды дауасыз айтқан...
* Тәрбиенің еркіндігі - еркіндікпен тәрбиелеу.
* Кейбір адамдардың бағасын жауының санымен де өлшеуге болады.
* Байлық - барлық болғанда, өнер - мұрат. Байлықтан мұрат шықпаған. Ал, мұрат - тірлік.
* Бірлік түбі – зорлық.
* Үлкен арман сабырда жатады.
* Ашық айту - анық айту болғанымен, ақиқатты айту емес.
* Сүрінгенін секіргендей көрсете білер бар.
* Тіс тимеген шөп жесір, құс қонбаған көл жесір.
* Өмір - тән, өнер - жан: тән тұншыққанда - жан шыңғырады.
* Өлімге берер жаным бар – пендеге берер арым жоқ.
* Тірлік кешкен адамның сол тірліктен алып кетері – жат тізені кеудесіне шығармау.
* Сауалы бұйрық тектіге – солқылдақ жауап жүрмеген.
Сурет: өңделген
Ш. Талап