- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Асқар Cүлейменовтің афоризмдері...
Асқар Cүлейменовтің афоризмдері #2
Белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің өнер, әдебиет, ақын-жазушы, талант туралы айтқан афоризмдерін назарларыңызға ұсынамыз.
* Өнердің өмірден айырмашылығы - өнер өмірден үйренбейді.
* Ең терең идеялар - қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті - идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін!
* Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар.
* Өмір – өнер болғанда, өнер – өлшем. Өнер – өлшем болғанда, өлшем – үнем. Ал үнем – тірліктің күре тіні.
* Өзгенікін еске түсіруден өзіңдікін еске түсіру күшке түседі.
* Жақсы кітап – ұяттың антологиясы.
* Зады, бірегей тұлғаларға, бірегей кітаптарға сын есім жүрмейді.
* Қазақтың радиомаразмы: «махаббаттың сүйіспеншілігіне бөленіп...»
* Әр сөздің өз ұяты бар.
* Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады.
* Сөз - құлын да, ой - жылқы.
* Ой ойнамай – сөйлем жоқ.
* Ойдың жанарға жеткен жылтылындай – жанардың жарығы да жанға түседі.
* Текстің дәмін алудың төте жолы - талмай оқу.
* Кем талант - кемтар талант.
* Кем талант - мүмкіндігінше, шын талант - қалағанынша жазады.
* Келер қазақтың да ішетін уы мен балы - Абай.
* Абайда ашу шақырар орам көп. Кейіс шақырар бір орамы: «...қазақ та адам баласы ғой».
* Кектің көзі – Махамбет.
* Шын режиссура – жүрек сияқты: соққаны білінбейді.
* Пьесса – құндақтаулы сәби: оның қандай азамат болып өсіп шығары режиссерге байланысты.
* Ақынды прозамен тексеріп алса - теріс емес.
* Стилі жоқтың жазғанын оқу - арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы - іріге еліктеп көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады.
* Қазақтай психофизикалық типтің азасын «Жігердей» кемерлейтін күй, «Қаракесектей» шыңғыртар ән жоқ.
* Бабы мен бағы бұққан тұяқ та бір – ойға суарылмаған әуен мен әуез де бір: нені айту бір пара, қалай айту бір пара, кімге айту, қашан айту бір пара.
Сурет: өңделген
Ш. Талап