- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Арман Сқабылұлы: ...
Арман Сқабылұлы: "Саяхаттың" сағаты да сағыныш...
Алматы талай жасты желпіндіріп, үлкен арманмен жетелейтін үлкен күш емес пе?! Оқуды бітіре сала, ала сөмкені арқалап, ауылдан қалаға қарай қашатын түлектер қаншама?! Жолы болып Жоғарғы оқу орындарының студенті атанғандар бақыттан басы айналып, болашаққа сеніммен қарай бастайды. Алайда, өмірге келгеннен кейін ер мен әйелдің арасындағы отбасын құру деген үлкен процесс тұрғанын бұлар жақсы біледі. Бірін-бірі ұнатқан ғашықтар арнайы кездесетін орын тауып үйленгеннен кейін естелік етіп айтып отыратыны тағы бар.
Қазіргі уақытта жаңа ғимараттардың көптеп салынып, ескілерінің сүрленуінен, аға буын өкілдерінің талай естеліктері келмеске кетуде. Осындай керемет кездесудің ошағы болған "Саяхаттағы" сағат, Арман Сқабылұлының махаббатымен жолығар мекені болған екен. Заманның ағысы зырылдаған уақытта сол бір сағаттың жоғы талай естеліктерді өзімен бірге ала кеткен екен..
– Енді екеуміз күнде кездесе алмайтын шығармыз?-дедің тостаған көзің жасқа тұнып, – Алматы алып қала ғой...
– Оқуға түссек "Саяхаттың" сағатының қасында кездесіп тұрайық, – дедім мен, – Əр жексенбі! Ұмытпашы!
Ақ жүзіңе аздап қан жүгіріп, жымия күлдің.
– Шынымен де, менің əкпем мен жездем сол сағаттың түбінде кездесіп жүріпті. Қазір екеуі бақытты! Үш баласы бар.
Осыны айтып ойланып қалдың. Мен де үнсізбін. Екеуміз де үбір-шүбір балаларды ойлап, алдағы бақытты өмірді елестетіп кеткеніміз анық. Айналамыздағылардың мектеппен қоштасу кешінің қызығына шақырған дауыстарына да назар аудармадық.
..."Саяхаттың" сағаты əр жексенбі біздерді күтіп алып жүрді. Екеуміз де студент. Сол сағаттың түбінде сағынышымызды басып, талай тəтті сəттерді бастан кешірдік-ау! Бір күні мүлдем келмей қалдың... Тағдыр шығар! Сені бір "жолы болғыштың" алып қашқанын естідім. Амалсыз көнгеніңді айтып жазған хатыңды алдым сосын. "Саяхаттың" сағаты содан бері саған деген сағыныштың символына айналғандай болған.
...Несіне есіне алып отыр дерсің! Бүгін сол маңда махаббат жайлы клип түсірдік. Қол ұстасқан қос ғашық туралы. Соларды көріп, сағыныш өртеп "Саяхаттың" сағатын іздегенмін. Сағат жоқ! Оны да құртыпты құндылыққа пысқырмайтын, ақша билеген мына қоғам! Сағатпен бірге сенің елесің көрінер дегенмін. Енді ол да көрінбейді...
А. Сқабылұлының Facebook-тегі парақшасынан
B. ZHAQSYMBET