- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Алты жасар Алпамыстың...
Алты жасар Алпамыстың ерлігі
Анасы ерте тұрып жұмысқа кетті. Ол екі баласын он сегіз жасар күтушісіне қалдыруға мәжбүр. Күйеуі бақилық болғалы бар ауыртпалық өз иығына түскен. Әжесі келе алмайтын кезде балаларды осы бойжеткенге сеніп тапсырады. Басқа амалы жоқ. Оған ақшаны аз төлейді. Жұмыстан айырылып қалуға болмайды. Бала-шағаны асырау керек.
Жас күтуші түскі астан кейін балаларды ұйықтатты. Сол кезде жігіті хабарласты. Жаңа көлігімен серуендеп қайтуға ұсыныс жасады. Әдетте балалар беске дейін оянбайтын еді. Бойжеткен еш ойланбастан жатын бөлменің есігін сыртынан құлыптады. Оянып, өзін іздеп қалмасын деген ойы. Аналарына хабарласпасын деп телефон сымын да суырып тастады. Мәшиненің бипылын естіп, сөмкесін ала сала сыртқа жүгірді.
Не болғаны белгісіз. Қосылып тұрған теледидар ма, жанып тұрған шырағдан ба, каминнен шоқ түсті ме, белгісіз, үйдің іші лаулай бастады. Түтін жатын бөлмеге де жетіп қалды. Алты жасар Алпамыс түтіннің иісінен оянып кетті. Есікті ашайын десе ашылмады. Айғайлап, күтуші апайын шақырды. Бірақ ол келмеді. Дереу анасына қоңырау шалмақ болып телефонға жармасты. Өшіп тұр. Ол енді тек өзіне сену керектігін білді. Дереу терезеге жүгірді. Кішкентай саусақтарымен бұрандасын аша алмады. Ар жағында балалар құлап кетпесін деп ата-анасының жасатқан темір торы көрінді.
Өрт сөндірушілер келіп отты өшіргенде, көрші қолаң жиналып қалды. Алты жасар Алпамыстың қалай далаға шығып үлгергенін айтып, жағаларын ұстасты. Жиналған жұрт кіп-кішкентай баланың терезеге орындықпен шағып, темір торды киім ілгішпен сындырғанына таң қалысты. Бір жастағы бөбегін рюкзакқа салып, оны арқасына іліп, екінші қабаттағы терезе жақтауына сүйеніп, үй іргесіндегі ағашпен қалай қорықпай жерге түскеніне бас шайқасты. Мұндай салмаққа бала қалай шыдас берді?
Өрт сөндірушілердің қарт бастығы ойлы көзімен жан-жағына қарап тұрды да, жұрт іздеген сауалдарға қарапайым жауап берді.
- Алпамыс жалғыз қалды... Оған ешкім "сен мұны істей алмайсың" демеді...
Ж. Жұмағұлов