Бұл оқиға сіз бен біз жайлы. Алма ағашы – біздің ата-анамыз. Кішкене кезімізде әке-шешемізбен ойнауға құмар болдық. Өскен соң біз оларды тастап кетеміз, тек жанымызға бірдеңе керек кезде ғана немесе бір мәселе туғанда ғана ораламыз. Ол кісілер не болса да бізді қолдап, шамасы келгенше көмектесіп, біздің бақытты болғанымызды қалайды.
Баяғыда бір бұтағы кеңге жайылған, үлкен алма ағашы болыпты. Кішкентай бала сол алма ағаштың жанына келіп ойнағанды жақсы көретін. Бала талдың төбесіне шығып алып алма жейтін, содан соң оның көлеңкесінде қалғып алатын. Бала осы ағашты жақсы көретін, алма ағашы болса баланы жақсы көретін, сөйтіп екеуі бірге ойнайтын.
Уақыт өтіп жатты. Бала да өсіп қалды. Енді ол ағаш қасына күнде келіп ойнамайтын болды. Бір күні бала алма талдың түбіне мұңайып келді.
– Жаныма жақын кел, екеуміз бірге ойнайық,-деді алма тал.
– Мен бұрынғыдай кішкене бала емеспін, енді тал жанында ойнамаймын,– деді бала, – маған ойыншық керек. Оны сатып алатын ақша керек.
– Кешір, менің ақшам жоқ, бірақ сен мендегі бар алманы теріп алып сатсаң саған сол ақша болады. Ал да пайдалан. Бала қуанып кетті! Ол алма талдағы бар алманы теріп алып, разы болып аттанды. Бала алманы алып кеткен соң қайтып оралмады. Алма ағашы оны уайымдап мұңайды.
Бір күні жас жігітке айналған бала қайта оралды. Алма ағашы қуанып кетті.
– Бері келші, екеуміз бірге ойнайық!
– Сенімен ойнайтын уақытым жоқ. Маған жұмыс істеп отбасын асырау керек. Әзір маған баспана керек боп тұр. Көмектесе аласың ба?
– Кешір мені, мен баспана бола алмаймын. Бірақ сен менің бұтақтарымды аралап алып үй салуыңа болады. Жігіт алма талдың бар бұтақтарын кесіп алып, разы болып аттанды. Алма тал оның бақытты боп қуанғанына шаттанды. Ал жігіт болса алма ағашына қайта соқпады. Алма ағашы жалғызсырап, қайғырумен болды.
Бір ыстық күні, баяғы жігіт – орта жасар кісі болған, алма ағашына оралды. Алма тал оны көріп қуанып кетті!
– Маған жақын кел, бірге ойнайық!
– Мен есейдім. Серуендеп демалу үшін алысқа жүзгім келеді. Сен маған қайық бере аласың ба?
– Иә, әрине! Менің діңгегімнен өзіңе керек қайығыңды жасап ал! Сөйтіп жүзіп кете бер, бақытты бол!
Әлгі адам, ағаш діңгегінен қайық жасады. Сөйтіп алысқа жүзіп кетті де, содан бері көрінбеді.
Көптеген жылдар өткенде ол кісі қартайып қайтып келді. Алма ағашы оған:
– Кешір балам. Менде саған берер ештеңе жоқ, тіпті алма да,– деді.
– Қорықпай-ақ қой, менде тіпті алма жейтін тіс те қалмады. Сенің үстіңе шығып ойнауға бұтақтарың мен діңгегіңнің жоқ екенін де жақсы білемін...
– Иә, шынында да саған берер түгім жоқ. Мендегі енді қалғаны мына өліп бара жатқан түбіртегім...
– Маған әзір одан басқа ештеңе керегі жоқ. Тек демалуға отыратын түбіртек болса болды. Мен осы өткен жылдар ішінде әбден шаршадым.
– Тамаша! Ескі түбіртек – нағыз сүйеніп отырып дем алатын жер. Менімен бірге отырып дем ал! Еркек отырды. Алма ағашы өзін бақытты сезініп көзіне жас алды.