Бір жылы диқан ауырып, егінді уақытында жинай алмай қалды. Көп алмаға құрт түсті, солып қалды. Істерге шара қалмады. Егін түсімін сатпаса, отбасын асырай алмайды. Сондықтан шаруа солған алмаларды жинап, арбаға салып, базарға апарып сататын болып шешті. Сүйікті жары жолына сәттілік тілеп, бәрі жақсы болатынын айтып, шығарып салды.
Оған жолшыбай көпес кездеседі. Арбасына қарап:
– Есіңнен ауысқансың ба? Базарға солған алмаларды алып бара жатқаның не? Оны ешкім де сатып алмайды, – деп сөгеді.
– Иә, білемін. Бірақ басқа амал қанша? Осыларды сатпасам әйеліміз екеуміз аш қаламыз, – деп жауап береді оған диқан.
– Базардан құр қол оралғаныңда әйеліңді көрейін. Өзіңді ішек-қарныңмен қоса жеп қояды.
– Ол үшін алаңдамай-ақ қойыңыз, көпес. Менің әйелім алтын ғой. Ол мені қандай жағдай болса да қабылдайды әрі сүйеді.
– Дәл осы ертегіңе сене алмаймын, азаматым. Ондай әйел болмайды.
– Болғанда қандай? Менің әйелім алтын дедім ғой!
Көпес ойланып тұрып диқанмен бәстесуді ұйғарды.
– Олай болса, бәстесейік. Сенің үйіңе бірге барамыз да, алманы ешкім сатып алмады, қыста азық қылар түк жоқ деп айтамыз. Егер әйелің шынында да сен айтқандай болса, мен саған алтын толы әмиянымды беремін. Ол бірнеше қыс бойы отбасыңды асырауға жетеді. Ал егер өтірік айтқан болсаң, әйелің айқай шығарса, сен ұтылдың, маған арбаңды атымен қоса бересің. Қолды әкел.
– Келістік!
Сөйтіп олар шаруаның үйіне келеді. Әйеліне мұңды дауыспен:
– Құрыдық! Алмаларды сата алмадым. Қыс бойы аш отыратын болдық! – дейді.
– Мұның не, көкем-ау? Не айтып тұрсың? Өзің аман-сау келдің, осының өзі олжа. Оның үстіне жаныңда қонағың бар екен. Қонақ келсе, құт келеді. Кіріңдер, жолдан шаршап келген шығарсыңдар. Қарындарың да ашқан болар. Қазір дастарқан дайындап жіберейін. Тынығып, тамақтаныңдар, – деп тез арада құман әкеліп, қолға су құяды.
Көпес таңғалып отырса да, әдейі ұйымдастырылған қойылым деген оймен сенбейді. Ұзағырақ қала тұрайын, ол міндетті түрде ашу шақырады деп шешті. Дастарқанға да жайғасты. Көпес әңгімені айналдырып әкеліп сатылмаған алмаға, қыста қалай күн көретіндеріне тірей берді. Ал оған әйелі тек:
– Бәрі орнына келеді. Бірдеңе етіп күнелтеміз. Қазір ең бастысы ерім мен қонағымның көңілі жай болғаны, – деген жауаптан танбайды.
Көпес ұтылғанына көзі жетіп, әмиянын шығарады да:
– Мен өмірде түрлі адам көрдім. Бірақ мұндай алтын әйелді көрмеппін. Міне, ақшаңды ал. Бақытты ғұмыр кешіңдер! – дейді.
Ер адам үшін әйелдің махаббаты және кешірімді болуы таңғажайыппен пара-пар.
Әйелдің энергетикасы ерінің кешірілместей қателіктерін де түзеуге, жаманын жасырып, жақсысын асыруға қабілетті. Ешкім сенбесе де, соғыстан аман келуіне сеп бола алады. Мұның барлығын жасау үшін әйелге күш беретін – ұлы махаббат.