Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі,мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының өмірі - келер ұрпаққа өнеге. Ұлы тұлғаның ұлағатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ.
Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.
Замана сипаты: білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билер заман.
Сөздің ең ұлысы – тарих.
Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?!
Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі.
Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын!
Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.
Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі.
Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.
Мектептің жаны – мұғалім. Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер.
Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.
Күнелту үшін – ас керек, ас істеуге – күш керек, күшті жұмсауға – ес керек.
Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек.
Алушы да, беруші де – өзіне жағымды жағын іздейді.
Кейбір істерді істеу керек бола тұра істеуге болмайды.
Өткенді қуғанды қойып – осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек.
Жұрт керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз.
Талап – жоқ, үміт – мол бір халықпыз.
Біреу – жұмыс қылайын десем тұрған жерім жаман дейді, біреу – маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де – бос сөз!
Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!