"Адамның екі көзінің, екі қасының қайсысы кем?": Төле бидің нақыл сөздері

Орман ағашын өгізіне сүйретіп иен далаға шыққан диқан Төле биге кездесе кетеді. Биден ол тары қандай жерге егілсе мол түсімді болатынын сұрайды. Ана жерге деп би алдындағы құмдақ жерді қамшы сабымен нұқып көрсетеді. Шаруа сол жерге егінін салады. Орақ кезінде диқан мол түсімге қарық болып қалады. Қырманы тарыға үйдей боп үйіліп жатқан диқанға би келеді.
— Құдайдың күні көп пе, әлде менің тарым көп пе? — дейді жалғыз өгізді шаруа дәулетіне мәз болып.
— Әрине, сенің тарың көп,— депті сонда Төле би.
— Тарыны осы жерге егілгенде түсімді болатынын қалай білдіңіз?
— Тары өз жаулары: құрт-құмырсқасы, тышқаны, торғайы көп жерге жақсы шығады.

***

Жаңа жерге қоныстанған бай екі кедей жігітке құдық қаздырады. Құдық қазылып біткен соң жігіттер байдан ақысын сұрайды. Бай олардың біреуіне — саулық, екіншісіне қозы береді. Екінші жігіт оған наразы болады. Төле биге келіп шағым айтады. Би байға барып құдық қазған екі адамның еңбегі бірдей екенін айтады. Бірақ құдық иесі өз кесімін қорғап бағады.
– Адамның екі көзінің, екі қолының қайсысы кем?— дейді би байға.
— Ешқайсысының кемдігі жоқ. Сөзіңізге жығылдым, биеке! Өкпелі жігітке қой берейін,— депті амалы құрыған бай.

***

Іргелес отырған Жанту және Жантан ауылының екі жігіті шабындыққа таласып, қатты ұрсысып қалады. Ақырында бірін-бірі көрмеуге серт берісіп, екеуі ат кекілін кеседі. Ай өтеді, жыл өтеді. Бірақ екеуі татуласпай қояды. Әкелері мен аталарының ақыл-кеңесіне мойынсұнбайды. Осыны естіген би араздасқан жігіттерді шақыртады. Би үйіне екі жақтан келген екі жігіт аттарын бір қазыққа байлап үйге кіреді. Тізе бүгіп, биге қол беріседі. Би ләм-мим демей, екі жігітпен сыртқа шығады.
– Мына екеуінің татуын-ай,— дейді Төле би, бір қазықта қасынып тұрған аттарды көріп. — Кекілдері де қалпына келіпті.
Бидің осы сөзінен кейін екі жігіт қол алысып татуласады.
— Жолдарың болсын! — дейді оларға би.д

Дереккөз: Ана тілі басылымы