Адам ойы туралы өсиет әңгіме

Адам ойы туралы өсиет әңгіме

Көп адамның бойында бір уақытта сан түрлі ойдың жетегінде жүру әдеті бар. Осының салдарынан өміріміз бос естеліктерге толы болады. Төмендегі өсиет әңгіме осының дәлелі. 

Шәкірті ұстазынан:

- Сіздің құпияңыз неде? Өмірлік ұстанымыңыз не? - деп сұрайды.

Ол:

- Мен қарапайым адамдарша өмір сүремін. Тамақ ішіп отырған кезде, тамақты ойлаймын, ұйықтап жатқан кезде, тыныш боламын, жұмыс істеп отырғанда, бар назарымды жұмысқа бағыттаймын, - деп жауап береді.

Аң-таң болған шәкірті:

- Алайда мен ешқандай ерекшелік көріп отырғаным жоқ, - дейді.

Дана қарт:

- Бар мәселе осыда. Ешқандай да ерекшелік жоқ.

Шәкірті әлі де аң-таң болады:

- Мұны барлығы жасайды емес пе? Тамақ ішкен кезде, асқазандарына тамақ барады. Ұйқылары келсе, бастары жастыққа тиеді.

Шәкіртінің бұл айтқандарына дана қарт еріксіз күліп жібереді:

- Жоқ. Сендер бір уақытта бірнеше іспен айналысасыңдар. Тамақ ішіп отырған кезде ойланасыңдар, армандайсыңдар, қиялдайсыңдар, еске аласыңдар. Сендер тек тамақ ішпейсіңдер. Мысалы, мен тамақ ішіп отырған кезде тек тамақты ойлап отырамын. Бар назарымды оның дәмін сезуге бағыттаймын. Табиғат аясында жүргенімде, айналамдағы көріністен ләззат алумен боламын.

Ал Сіз ше? Бір уақытта бір ғана оймен шектеле аласыз ба?

Сурет: ©Евгения Сейбель

Қ. Бүйенбай